378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Екібастұзда раушан гүлдерін голландық тәсілмен өсіретін жылыжай бар

  • 243
  • UPD: 12:30, 07.03.2019

Көктеммен бірге келетін 8 наурыз мерекесі қарсаңында табиғаттың ғажайып туындысы – гүл саудасы қыза түседі.

Елімізде соңғы жылдары раушан гүлдерін голландық тәсілмен өсіретін жылыжайлар пайда болды. Солардың бірі Екібастұз қаласында орналасқан.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Раушан гүлдерін өсіретін жылыжай кешені осыдан төрт жыл бұрын пайда болды. Осынау қысқа мерзімде Қазақстанның гүл нарығын жаулап алды деуге болады. Мұнда раушан гүлдерінің ақ, қызыл және сарғылт түсі өсіріледі. Аңызға сүйенсек, ертеде гүл тек жұмақтың бағында өскен деседі. «Ал жер бетіне жамандықты, қайғы-мұңды жою үшін жіберілді» деген сенім бар. Бүгінде гүл падишасын еліміздің көптеген өңірлері Екібастұз жылыжайынан сатып алады. Қысы қытымыр келетін солтүстік өңір үшін таңсық өнім топырақта емес, минералды мақтада тамшылатып суару әдісімен өсіріледі.

Жабық алаңда өсетін өсімдіктер үшін жарық пен жылудың қоры мол болуы маңызды. Күніне қауыз жарған 30 мың дана раушан гүлі қиылады. Кез келген еңбектің біз білмейтін сырлары бар.

Жылыжайда негізінен қызыл раушандар өсіріледі. Әсіресе қара қошқыл түсті «Ред Наоми» сұрпына сұраныс жоғары. Ол – гүлдің жұпар иісі аңқыған өте нәзік түрі. Соған қарамастан, сабақтары қатты, тасымалдауға қолайлы келеді екен. Оның үстіне екі апта бойы сапасын жоғалтпайды. Жыл он екі ай жұмыс істейтін жылыжай кешенінде жоғары білікті мамандар еңбек етеді. Олар Голландияға арнайы барып, білімдерін жетілдірген. Раушан гүлдер 5 гектар аумақта өсіріледі.

Хабар 24 телеарнасы