375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік көрме ұйымдастырылды

  • 254
  • UPD: 12:31, 07.03.2019

Қарағандыда Халықаралық әйелдер күніне орай бірқатар мерекелік көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала тұрғындарына облыстық тарихи-өлкетану мұражай қорындағы бас киімдер мен түрлі жерлерден жиналған орамалдарды көру ұсынылды. Театрландырылған қойылым арқылы сақ әйелдерінің бас киімдері, қазақ халқы мен басқа да ұлт өкілдерінің ескі бас киімдері көрсетілді.

Әйел бас киімі – ежелгі дәстүрлер мен кейінгі мәдениет, сән үрдістерін бейнелейтін күнделікті және мерекелік әйелдер киімінің ажырамас бөлігі. Музейде 20-жылдардан бастап қолданыста болған кимешектер мен орамалдардың түр-түрі сақталған. Бүгінгі көрмеде 100-ден астам әйел бас киімі мен орамалдарын көруге болады.

Айнұр Әбдиева, тілші:

– Ежелгі өркениеттен бастап бүгінгі күнге дейінгі дәстүрлі мәдениеттерде орамал ұлттық костюмнің маңызды ерекшелігі болып табылады. Шәлі, үшкіл орамал, парео, мойын орамал, палантин, бөкебай суық немесе ыстықтан қорғайды, құрмет немесе байсалдылық белгісі ретінде қызмет етеді, бет сұлулығын көрсетеді немесе оны сырт көзден жасырады.

Көрмені тамашалауға келген қонақтар назарына сән көрсетілімі ұсынылды. Барлық үлгілер «Мода», «Технология және сервис» колледжінің студенттерінің қолынан шыққан.

Әсел Тазабекова, музейдің ғылыми қызметкері:

– Осы жерде көрсетілген кимешектерді біздің музейге Қарағанды қаласының тұрғындары сыйлаған. 19-ғасырда құрметті әжелер киген.

Мерекеге орай ұйымдастырылған тағы бір ерекше көрме «Гүлдер ертегісі» деп аталған. Алып гүлдердің бірегей көктемгі көрмесінде қолдан жасалған гүлдердің дизайнерлік макеттері көрсетілген. Көрменің авторы – Қарағанды қаласының тұрғыны Виктория Конова.

Виктория Конова, көрме авторы:

– Қара желайдар капроннан жасалған. Бұл жаңа жұмыс, қазір мұндай гүлдер Жапонияда жиі кездеседі. Біз соның үлгісімен жасап көрдік. Екі апта уақыт жұмсалды. Ал раушан гүлін жасап шығаруға жарты сағат кетеді. Біз бұл гүлдерді жасау техникасын мен үлгісін жақсы меңгеріп алдық.

Көздің жауын алып, жүректен орын тапқан көрмеге келушілер қатары қалың болды. Олар гүлдер әлеміне тап болғандай күйге ендік дейді.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы