378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғандық студент өртенгелі жатқан үйден екі баланы құтқарып қалды

  • 201
Талдықорғандық студент өртенгелі жатқан үйден екі баланы құтқарып қалды

Талдықорғандық студент түтіндеп жатқан үйдің ішінен екі баланы аман алып шықты.

Төтенше жағдай тал түсте болған. Артынан белгілі болғанындай, ата-аналары жұмысқа шығарда балаларын сыртынан қамап кеткен. «Студент көмектеспегенде, бұл оқиғаның немен аяқталары белгісіз», – дейді құтқарушылар.

Төтенше жағдай болған үй Талдықорғанның тура орталығында орналасқан. Арман Бақытбай көшеден өтіп бара жатып, терезенің алдында жылап, сырттағылардан көмек сұрап тұрған екі қыз баланы көреді. Оның бірі екі-ақ жаста болса, екіншісі сегізде екен. Қиын жағдайға тап болған бүлдіршіндерді құтқару үшін ол жанұшыра подъезге жүгіреді. Бірақ пәтердің есігі жабық тұрғандықтан, қайтадан сырқа шығуға мәжбүр болған.

Арман Бақытбай, студент:

– Өзім құтқарудың амалын ойладым. Одан кейін газ құбырымен өрмелеп, пластиктің бетін алдым да, кішкентай бүлдіршінді алып түстім. Одан кейін екіншісін аман-есен сыртқа шығардым.

Абырой болғанда пәтер өртенбеген. Қысқа тұйықталу салдарынан ұзартқышқа сұғулы тұрған ұялы телефонның қуаттағышы түтіндепті. Ал ата-аналары бұл уақытта жұмыста болған.

Гүлфара Әуелбекова, облыстық ТЖД бас маманы:

– Осы жігіттің әрекетін біз ерлік деп бағалаймыз. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінен марапатқа ұсынылатын болады.

Қыздардың ата-анасы түсірілімге қатысудан бас тартты. Өрт сөндірушілер қала тұрғындарына қандай жағдай болса да балаларды үйде жалғыз қалдырмауды ескертеді. Жыл басынан бері облыс аумағында 234 өрт оқиғасы болған. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 11-і жарақат алды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы