378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда «Зейнеткерлерге арналған ыстық тамақ» жобасы қарқын алып келеді

  • 274
  • UPD: 18:19, 07.03.2019

Игі бастама аясында бүгінге дейін күніне  137 қария тегін ыстық тамақ  алып келді. Енді жыл соңына дейін күніне мың  ас таратуды жоспарлап отырмыз дейді, жоба  авторы  Расима Темербаева.

Зейін Шашкин көшесінің бойында орналасқан дүңгіршікке түстен кейін халық көптеп жинала бастайды. Дені зейнеткерлер. Олар мұнда тек тамақ алу үшін ғана емес, бір-бірімен шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрып, сергіп қайту үшін де жиналады екен. 

Оңғар Молдашұлы, зейнеткер:

- Мен мұнда үш айдай болды келгеніме, ал енді  біздерге, жасы келген үлкен кісілерге ас дайындаудың өзі оңай емес. Балалар болса, бөлек тұрады. Енді өзімізге өте жеңіл жақсы болды. Біз үшін өте бір қолайлы, жақсы жасады. 

Зейнеткерлерге арналған тегін тамақ» жобасы 2015 жылдан бері жұмыс жасайды. Бұл қайырымдылық шарасы қолға алынғалы бері 75 мыңнан астам адамға ыстық тамақ тегін таратылған.

Расима Темербаева, жоба авторы:

- Барлық шығындарды есептегенде күніне 55 мың теңге жұмсаймыз. Бұл қаржыны біз қарияларға көмек қолын созған қайырымды жандардан жинап келеміз. Кейде, қалалық әкімшілік те көмектеседі. Қаржылай немесе азық-түлікпен көмектесемін дейтін жандар болса, біз қарсы емеспіз. Себебі тегін тамақтың  кезегін күтетіндер саны артып келеді.

Алматыда осы уақытқа дейін аптасына 5 күн бойы тегін ыстық тамақ тарататын екі нүкте болған. Енді қаладағы тұрғындары көп Әуезов ауданынан 200 тегін тамақ тарататын үшінші дүңгіршек ашылмақ. Қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар жыл соңына дейін күніне 1000 адамға тамақ беруді жоспарлап отыр. 

Авторлары: Алуа Маханбет, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы