378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы әйел әкім мәселелерді шешуде халықтың көмегіне жүгінеді

  • 265
  • UPD: 21:49, 07.03.2019

Бүгінде әйелдер қоғамның барлық саласында еңбек етеді. Соңғы жылдары әсіресе мемлекеттік қызметте ерекше белсенділік танытып жүрген қыз-келіншектер көп.

Солардың бірі Шығыс Қазақстан облысы Тұрғысын ауылының әкімі Динара Қожанова. Алтай ауданындағы ірі елді мекендердің бірін басқаруға кіріскеніне көп уақыт бола қоймаса да атқарған жұмысы халықтың көңілінен шығып отыр.

Ауыл әкімі үшін белгіленген кестемен жұмыс істеу сирек болады. Әсіресе қысы 7-8 айға созылатын өңірде барлық сала мен ауылдағы әрбір тұрғынның жағдайынан хабардар болу міндет. Сол үшін қызметтік көлікті де қажет болса, ауыр техниканы да жүргізе білу шарт. Сонда ғана халықтың сенімінен шығасың.

Динара Қожанова, ауыл әкімі:

-  Менің байқағаным жаңалық тосады, қандай істер атқарады екен деп. Бәрі сеніммен қарап отырғанда, айтқаныңда тұрып, жұмысты жүргізсең артыңнан еріп, бағыт-бағдарларын беріп, қолдарынан келген көмектерін аямайды.

Динараның Тұрғысын ауылында әкім болғанына 1 жылдан асты. 1 мыңнан астам  тұрғыны бар елді мекенде бұған дейін қордаланып қалған біраз мәселе болған. Кезінде істен шығып қалған құдықтың бірін іске қосып үлгірді. Нәтижесінде зейнеткерлер ауыз суды ауыл іргесіндегі бұлақтан тасу машақатынан құтылды. Ал былтыр көктемде ауылда 8 үй тасқын судан зардап шекті. Аудан басшылығына шапқылап жүріп, осы баспаналар жөнделгенше басы-қасында болды. 

Қанат Исабаев, ауыл тұрғыны:

- Көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Ауылдың ішінде су мәселесімен құбыр мәселесі болып еді. Жалпылама тазалық мәселесін толық шешкен.

Жалпы Динараның мемлекеттік қызметте жүргеніне 15 жылдан асқан. Бұған дейін Өскемендегі бірнеше мекемеде еңбек етсе де ауылға келе сала бел шешіп жұмысқа кірісті. Жас әкімінің айтуынша, кез келген мәселені келісіп қолға алсаң, шешілмейтін түйін болмайды. Ол үшін ауыл тұрғындарының қолдауы қажет. 

Динара Қожанова, ауыл әкімі:

- Шаруашылық жағынан кей нәрсені білмеймін. Сол себепті ауылда бір адамдар бар өзім сыйлайтын жасы үлкен. Барлығын шақырып алып ақылдасам. Қалай жасаймыз деп. 

Динараның ең негізгі жоспарларының бірі - ауылда Мәдениет үйін салу.  Келесі жылы орталықтандырылған су жүйесін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттарды да  дайындап қойған. Енді осы жұмыстарды ауыл тұрғындарымен бірге атқарып шығуды ойлап жүр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы