388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сертификатын беру басталады

  • 7874
  • UPD: 21:58, 07.03.2019

Алматыдағы әлеуметтік саланы қолдау үшін қала бюджетінен 5,5 млрд теңге бөлінеді. Наурыздың 11-нен бастап «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер алуға өтініштер қабылдана бастайды. Бүгін партия ұйымдарының кеңейтілген отырысында оның  шарттары туралы айтылды.

Алматыдағы әлеуметтік көмекке зәру отбасыларға арналған бағдарламаның 7 бағыты нақтыланды. Олар тұрғын үй несиесі, жұмысқа орналастыру, білім алуға көмектесу, жыл сайынғы әлеуметтік және біржолғы төлемдер және қайырымдылық ұйымы. Соның алғашқысы көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақы ай сайын  20 мың теңге болып бекітілді. Оған қажетті құжаттарды жинау, оны тапсыру оңтайландырылды. Ал мүгедек балаларға күтім жасайтындардың жәрдемақысы 31 мың теңден 41 мың теңгеге дейін артты. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қызмет көрсету орталығы ашылады. Оған бюджеттен 166 млн теңге бөлінген.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Жалпы партия съезінде көтерілген, бұрын соңды болмаған осы кешенді әлеуметтік шаралар мен жобаларға Елбасы бюджеттен қосымша ұзын саны 2 трлн теңге бөлуді тапсырды. Осы әлеуметтік тапсырмаларды сапалы іске асыру мақсатында жұмыс бағыттары мен жауапты органдар нақтылана отырып, Алматыда арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді.

Тағдыр тәлкегімен қиын жағдайға душар болған отбасыларға төленетін бір реттік көмек сомасы 25 мың теңгеден 50 мың теңгеге дейін артты. Аталған көмекті биыл  5 мыңнан астам адам алады. Ал «Бақытты отбасы»  бағдарламасы бойынша ипотекалық несиемен баспана алуға құжаттар қабылдана бастайды. Бастапқы жарна пәтер құнының 10 пайызы құрайды және несие 2 пайыздық өсіммен беріледі. Алғашқы жарнаны төлей алмайтын отбасыларға  қала бюджетінен 1 млн теңге көлеміндегі сертификат тапсырылады.  

Рахат Шимашева,  қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы:

- Бақытты отбасы осы сәуір айынан қосылады. Бұдан кейін жәрдемақылардың барлығы, алдында айтқан төрт жәрдемақы 15 наурыздан бастап түгел тұрғындардың құжаттарын жинау басталады. Тұрғын үй беру сертификаты бұл 11 наурыздан басталады.

Қалаға жаңадан қосылған Алатау және Наурызбай ауданы тұрғындарының сұрауы бойынша жол жөндеу жұмыстары да шешімін тапты. Нақтырақ айтсақ, тоғыз ықшам ауданға инженерлік желі тартылып, 97 шақырымдық жол құрылысы басталды. Оған Республикалық бюджеттен және қалалық бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Үш млрд теңге қаржыны Республикалық бюджеттен біз осы жолдардың мәселесін шешуге жұмсауымыз қажет, деп ойлаймын. Сондай ақ, стратегия және бюджет басқармасының басшысына жергілікті бюджетті сараптап, басымдыққа ие емес шығындарды оңтайландырып, қосымша қажетті төрт млрд. Теңгені қарастыруды тапсырамын. 

Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың мектепте оқитын балаларына ай сайын 5 мың және студентке 10 мың теңге степендия төленеді. Сонымен қатар аталған топтағы отбасылардың екінші баласы үшін наурыздың жиырмасынан бастап балабақша тегін. Мұнымен қатар, мыңға жуық әлеуметтік жұмыс орындары ашылмақ. Ол үшін бес жүзге жуық мекемемен келісім жасалған.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы