378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулық көп балалы аналарға Алтын және Күміс алқа табысталды

  • 304
  • UPD: 08:23, 08.03.2019

Бала туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұрған Маңғыстау облысында батыр аналардың саны артып келеді.

Аймақтағы 17500 көп балалы ананың 10 300-і Алтын және Күміс алқа иелері. Мереке қарсаңында олардың қатары тағы 20-ға толықты. Облыс әкімі 6 және одан көп баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты аналарға алқа табыстады. Биыл аз қамтылған көп балалы аналарға мемлекет тарапынан бірнеше көмек қарастырылып отыр. Атаулы әлеуметтік қолдауға іліккен аналар әр баласына 21 мың теңгеден алатын болды. Елбасы бұл жәрдемақының келесі айдан бастап берілетінін айтты. Сонымен қатар маңғыстаулық аз қамтылған көп балалы аналарға 100 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы үлестірілмек. Бұл қолдауға 2 мыңнан астам отбасы ие болады. Аналар мерекесіне арналған шарада үздік еңбек әйелдері де марапатталды. Олардың қатарында 20 жылдан бері мал бағып, 100 қойды мың бас малға көбейтіп, шаруашылықты басқарып отырған шаруа әйелдер де бар.

Айгүл Мұханова, Күміс алқа иегері:

- 1 сәуірден бастап көп балалы аналарға 21 мың теңгеден төленетіндігі туралы шешім қабылданды. Біз оған ризамыз. Бала – біздің болашағымыз. Әр жас отбасыға көп балалы болуды, Алтын алқа, Күміс алқа алуларына тілектеспін.

Ләззат Еңсегенова, Алтын алқа иегері:

- Қазақта нақыл сөз бар ғой, «әр баланың өз несібесі бар» деген. Балаларымыз аман-есен өсе берсін. Елбасымыздың қолдауымен қазіргі таңда ата-аналарға, көп балалы отбасыларға беріліп жатқан көмектерге ризамыз. Алғысымыз шексіз. Бүгінгі Халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын. Аналар аман болсын!

Хабар 24 телеарнасы