378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналық погон таққан көп балалы полицей үйде қандай ана?

  • 236
  • UPD: 08:26, 08.03.2019

8 наурыз мереке ғана емес, қыз-келіншектердің еңбегі еленіп, қоғам дамуына қосқан үлесі екшелетін де күн.

Қазақ әйелдері барлық салада ер-азаматтармен бірдей қызмет етіп жүр. Мысалы, білек пен жүректі бірдей қажет ететін құқық қорғау саласында игеріп, биікке жеткен қыз-келіншек аз емес.

Алмагүл Алмағанбетова ювиналды полиция бөлімшесінде 10 жылдан астам жұмыс істейді. Қызметі темірдей тәртіп пен жинақылықты талап етеді. Алайда ол жұмыста қатал инспектор болғанымен, үйінде мейірімді ана. Айрандай ұйыған шаңырақта бүгінде бес бала тәрбиелеп отыр. Үлкені он тоғызда, ал кішісі екі жарым жаста. Көп балалы ана тәрбиеде адамгершілік қасиеттерді басты назарға қояды. 

Алмагүл Алмаганбетова, қалалық ювиналдық полиция бөлімшесінің қызметкері:

- Ең бастысы, тәрбиеде ұл балаларға азамат болуды. Өздерін ер азамат ретінде ұстауды, айтқан сөздерінде тұруды, «ер азамат екі сөйлемейді» деп үйретемін. Қыздарды инабатты болуға, сыпайы, тәрбиелі болуға үйретемін.

Заңгер мамандығын бітірген ол ішкі істер органдарында криминалист болуға дайындалған. Ал ювиналдық полиция бөлімшесіне тек тәжірибе жинауға жіберілген. Кейін осы салада қалып, бұрыс жолға түскен, мінезі ауыр жасөспірімдермен жұмыс істеуді жалғастырған. «Инспектор болу оңай емес, бірақ мамандығыңды жақсы көрсең, барлығы қолыңнан келеді», – дейді кейіпкер.

Алмагүл Алмаганбетова, қалалық ювиналдық полиция бөлімшесінің қызметкері:

- Бірінші кездері қиындау болды. Өйткені жас болғандықтан,  балалар бізді онша қатты қабылдамайтын. Форма кигендіктен ғана тыңдайтын. Одан кейін жылдан-жылға өзіміз тәжірибе жинаймыз, сондықтан оңайлау болды.

Аптасына екі рет тәртіп сақшылары ортақ жаттығулар жасап, физикалық дайындығын шыңдайы. Сондай-ақ қызметтік қаруды пайдалану тәртібі де қатаң бақыланады. Жаттығулардан кейін Алмагүл негізгі қызметініне кіріседі. Политехникалық колледжде жасөспірімдерге дәріс оқып, құқықтық сауаттылығын арттырады. Басты мақсат – студенттер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу. Мұндай жұмыстар қылмыс деңгейін төмендетеді. Дегенмен бұзақылыққа баратындар да жиі кездеседі. Ондай жасөспірімдерді инспектор ата-аналарымен біргіп ақылға салады. Пайдасы қандай?

Алмагүл Алмаганбетова, қалалық ювиналдық полиция бөлімшесінің қызметкері:

- Әрине, пайдасы бар. Балалар ата-анасымен болған кезде біздің берген ақпаратты жақсы қабылдайды. Өйткені әр ата-ана баласына жамандық тілемейді ғой. Сондықтан балалар да ата-анасы жанында болғандықтан, құқықбұзушылықты қайталамауға тырысады.

Бүгінде елорданың құқық қорғау мекемелерінде 700-ге жуық әйел еңбек етеді. Қызметтің қиындығы нәзік жандылардың бұл саланы таңдауына кедергі емес. Керісінше, олар ерлермен бірге қару алып, мергендіктен жарысып, спорттық додаларда да жоғары жетістіктерге жетуде.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Асхат Қарақойшиев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы