378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада 32 жастағы хирург күрделі операциялар жасап жүр

  • 222
  • UPD: 08:27, 08.03.2019

Медицина саласында да қолы алтын, жүрегі мейірімді, батыл арулар аз емес.

32 жастағы Динара Сәменова солардың бірі. Ол ерлермен қатар онкология, трансплантология саласында күрделі операциялар жасап жүр. Келешекте аталмыш бағыт бойынша ғылыми жобаларды қолға алмақ.

Науқастың бар үміті дәрігерде. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын білікті маман да операцияның күрделілігіне қарамастан, білек сыбана кіріскен. Әдетте мұндай күрделі операцияны тек ер дәрігерлер жасайтын. Динара Сәменова үшін қалыпты жұмысына айналды

Динара Сәменова, хирург-онколог:

- Жыл сайын біліктілігімді арттырып отырамын. Маған ерлермен бірдей ауыр операциялар жүктеледі. Бұл бөлімде «сен әйелсің, ұсақ ем-домды жаса да отыр» демейді. Бірақ науқастың жанын түсініп, адамгершілік танытпасаң, әрине, ем қонбасы анық. Операциядан кейін оңалуы қиындайды. Химиятерапияны ауыр көтереді. Сол себепті, біз эмоциямызды жасырмаймыз.

Динараның онкология саласында хирург болам деген арманы бала күнінде туған. Жақын туысы обыр дертіне шалдығып, тиісті көмек болмай қайтыс болады. Сол кезде-ақ ол өзіне науқастарды емдеп, аяғына тұрғызуға серт берген. Міне, орда бұзар шағында мақсаты орындалып келеді.

Динара Сәменова, хирург-онколог:

- Атамнан айырылып қалдым. Асқазан обырына шалдыққан еді. Он жастағы маған бұл аса ауыр қайғы болды. Өйткені атамды қатты жақсы көрдім. Сол кезде осы дертке душар болғандарды емдеймін деп шештім. Білімімді ғылымға өзек еткім келеді. Ғылыми дәреже алсам деген мақсатым бар. Болашақта көздегеніме жетемін. Дәл қазір мен үшін науқастарымның тағдыры маңызды.

Бүгінде еліміздегі емханаларда 30-ға жуық нәзікжанды күрделі операция жасап жүр. Динара Сәменова келешекте олардың қатары толығарына сенімді. Ол өз ісімен көпке үлгі.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Өмірбек Ізімов

Хабар 24 телеарнасы