375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында «Қарулы ару» байқауы ұйымдастырылды

  • 241
  • UPD: 10:19, 08.03.2019

Жалпы, еліміздің Қарулы күштері саласында қызмет істейтін әйелдер де аз емес.

Ерлермен иық тірестіре еңбек етіп, міндетіне жауапкершілікпен қарайтын арулар кәсібіне адал. Халықаралық әйелдер күніне орай Атырау облысындағы түрлі әскери бөлімшелердегі әйел қызметкерлер арасында «Қарулы ару» атты байқау ұйымдастырылды.

Қазір арулар Қарулы күштердің барлық түрінде қолына қару ұстап еркектермен тең дәрежде қызмет етіп жүр. Солардың бірі – сержант Айымгүл Ғинаятқызы. Әскери әйелдер сайысының барлық сынынан сүрінбей өтіп, бас жүлдені жеңіп алды. 

Айымгүл Бисенова, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы, материалдық-техникалық қолдау орталығының қызметкері: 

- Тапсырмалар қиынға түскен жоқ. Себебі бұл күнделікті біздің әскери өмірде жасап жүрген қимыл-әрекеттеріміз. Ату, секіру, жүгіру – бәрі біздің күнделікті істеп жүрген тапсырмаларымыз. Мен әскери қызмет пен жанұялық өмірімді бірге алып жүрмін. Себебі жолдасым әскери адам, ол да маған көмек көрсетіп отырады бала тәрбиесінде де, әскери өмірде де. Әрі қарай да Отан алдындағы қызметімді атқара беруге дайынмын. 

Айымгүлдің жұбайы Алмаз Сартайұлының әскери шені капитан. Бір отбасыдағы ерлі-зайыптының екеуі де темірдей тәртіпті талап ететін әскери қызметте болуы қиындық туғызбай ма деген сауалға қасқайып тұрып жауап берді.

Алмаз Омаров, №41320 әскери бөлімінің рота командирі:

- Қазіргі таңда әйеліміз екеуіміз отау құрғанымызға 4 жылдан асты. Бір ұл тәрбиелеп жатырмыз. Құдайға шүкір, әскери адам болсақ та, жұмысты да, отбасылық өмірімізді де ортақтастырып алып келе жатырмыз. Бәріне үлгеріп келе жатырмыз.

Байқауға төрелік еткен әскери нұсқаушылар мен әділқазылар да арулардың өз міндеттерін жетік меңгергендігіне жоғары баға берді.

Асқарбек Ұзақбаев, №41320 ӘБ, жауынгерлік және дене шынықтыру жөніндегі нұсқаушысы:

- Әскери қызметші әйел ханымдар және қарындастарымыз, апаларымыз өздерінің күнделікті мамандықтарын жоғары деңгейде көрсетті. 8 наурыз – халықаралық әйелдер, қыздар, аналарымыздың мерекесімен, соның ішінде әскери қызметші әйелдерің мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.  

Қарулы күштерде әйел қызметкерлердің көп болуы әскеріміздің мәртебесін арттырмаса, төмендетпесі анық. Бұл тәжірибе барлық мемлекеттердің қорғаныс саласында өз қажеттілігін дәлелдеген. Сондықтан да Атырау облыстық Қорғаныс істер жөніндегі департамент ұйымдастырған байқаудың тәрбиелік маңызы да зор. Мұндай шаралар жастардың әскери салаға деген құлшынысын оятып, тәуелсіз елдің әскери әлеуетінің артуына септігін тигізеді. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы