378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астаналық грепплинг шебері әлем чемпионатына қатысудан дәмелі

  • 234
  • UPD: 10:38, 08.03.2019

Қыз-келіншектер спортқа да үйір.

Халықаралық көктем мерекесі қарсаңында тілшілеріміз греплингті серік еткен сұлудың бірі Самал Абулованың жаттығуын тамашалап қайтты. Бір жылдан бері осы күрес түрімен шұғылданып жүрген Самалдың жетістіктері де аз емес.

Самал Абулова – жай күндері қарапайым қыздардың бірі. Елордадағы жоғары оқу орнының студентін жаттығуда танымай қаласыз.

Самал Абулова, греплингтен Қазақстан чемпионы:

- Басында қиын болды. Жарыстарда қатты қобалжыдым. Бұған дейін ешқандай спорт түрімен айналысқан жоқпын. Уақыт өте келе шеберлігім шыңдала түсті. Әдіс-тәсілдерді меңгере бастадым.

Самал жаттығуда тынбай тер төкті. Еңбектің арқасында алғашқы нәтижелерге қол жеткізді. Спортқа келген бір жылдың ішінде жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды. 

Самал Абулова, греплингтен Қазақстан чемпионы:

- Осы спорт түрімен өмір бойы айналыссам деймін. Грэпплинг мен үшін жарыс немесе жай ермек болған жоқ. Спорт менің өміріме өзгеріс енгізді. Алға жылжуды байқадым. Күрестің бұл түрінде ылғи өсу бар. Сен тәжірибелі шебер болсаң да үйренуден жалықпайсың. Әр жарыс сайын бойымда бір өзгеріс болғанын сеземін.     

Бұрымды балуандар күнде жаттығады. Тек жексенбі демалады. Самал шеберлігін шыңдау үшін жігіттермен белдесіп, сынға түседі. Кілемдегі сайыс кейде оның жеңісімен аяқталады. 

Ренат Ситназаров, Самалдың жаттықтырушысы:

- Жігіттер мен қыздардың бір залда жаттығуы – мен үшін қалыпты жағдай. Егер қыздар өзара дайындалса, оларда өсу болмайды. Ер балалардың мықты екені белгілі. Сондықтан олар бір-бірінен тәжірибе алады. Әрине, қыздардың жекпе-жек спортымен айналысқанын аса қаламаймын. Бірақ бұрымдыларымыз осыны қалап тұрса, қалай қарсы боласыз. Жаттыға берсін, бәріне бірдей мүмкіндік жасалған. 

Самал Абулова қазір жастар арасындағы ел чемпионатына дайындалып жатыр. Грепплингтен Қазақстан біріншілігі мамыр айында Талдықорғанда өтеді. Үздік шыққандар ұлттық құрама сапында Бакуде өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Лариса Гречихина, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы