389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ІТВ Eуразия көрмесі келесі жылы Астанада өтеді

  • 711
  • UPD: 10:43, 08.03.2019

Берлинде әлем бойынша ең ірі ІТВ туристік көрмесі өтіп жатыр. 

Қазақстан павильонының ашылу салтанатына еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Биылғы жәрмеңкеге 180 елден 10 мыңнан аса адам келген.

Қазақстан бұл көрмеге дәстүрлі түрде қатысып келеді. Туристер павильонда талғамына сай Қазақстанның кез келген аймағына саяхат таңдай алады. Ұлы дала еліне сапарларды еліміздің үздік 20 туроператоры мен қонақ үйлері ұсынып отыр. Сондай-ақ дәл осы жерде виртуалды саяхат жасау мүмкіндігі бар. Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, Шымбұлақ шипажайын арнайы көзілдіріктің көмегімен көреді. 

Мартин Рандус, Прага әуежайының өкілі:

- Қандай керемет көрініс! Таңғажайып! Қазақстанда әлі болып көрмедім. Табиғатының сұлулығын көріп, таң қалдым. Әрине, онда барғым келіп тұр. Чехиядағы әріптестеріме де ұнайды деп ойлаймын. 

Павильонды жоғары лауазымды қонақтар – еліміздің мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен көрме директоры Мессе Берлин салтанатты түрде ашты. Бұл күні олар сондай-ақ ІТВ Eуразия көрмесін келесі жылы Астанада өткізу жөнінде маңызды келісімге қол қойған.

Қайрат Сәдуақасов, Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Осындай көрмелерге қатысудың маңызы зор. Себебі туроператорлар мұнда алғашқы серіктестерін тауып, Қазақстанға ақпараттық турларға әкеліп жүр. Осыдан кейін қызуғышылық танытқандары сынақ ретінде бір-екі шағын топты әкеледі. Сәтті өтсе, осы турларды көптеп сата бастайды.

Давид Руэтц, ITB-2019 көрмесінің басқарушы директоры:

- Павильондарыңыз маған өте ұнады. Қысқы спортпен қатар Қазақстанда демалыстың барлық түрін ұсынатын туроператорлар көп. Әсіресе германиялық туристердің Қазақстанға қызығып жүргенін байқадым. Мәдениеттеріңізбен танысуға құмар. Немістер саяхаттағанды жақсы көреді, бірақ Қазақстан оларға әлі беймәлім жер.

ІТВ халықаралық көрмесі 10 наурызға дейін өтеді. Осы мерзімде туркомпаниялар елімізге барынша көп турист тартуға ниетті.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы