378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда шекарашы аруларға құрмет көрсетілді

  • 305
  • UPD: 13:58, 08.03.2019

Ақтаулық шекарашылар әріптес қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Погон таққан нәзікжандылар кеңсе жұмысынан бөлек құжат тексеру, әуе және су көлігі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жауапты. Темірдей тәртіпті талап ететін әскери қызметте жүрген арулар өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Мейрам күні офицер қыздарға гүл шоқтары шекаралық бақылау бөлімшелерінде тапсырылды.

Ақтау портына Ресейден құрғақ жүк таситын кеме келді. Тәртіп бойынша алдымен бортқа ит жетектеген шекарашылар жасағы көтеріледі. Экипаж және жолаушылар құжатын бақылаушы офицер Жанна Сыздықова тексереді. Әріптестері бұл кезде каюталарды аралап, тасымалдауға заңмен тыйым салынған заттардың бар-жоғын қарап шығады.

Погон таққан бойжеткен қызметте қатал. Өзге түгелі әріптестерімен де әзілдесе бермейді. Оның айтуынша, шекара беріктігіне жауапты жұмыста бойды еркін ұстауға болмайды. 

Жанна Сыздықова, ҚР ҰҚК ШҚ 2018 Ә/Б сержанты:

- Бес жылдық қызметімде көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Шетелдіктер көп жағдайда қазақ жеріне келу мерзіміне немқұрайлы қарайды. Таяуда паромға мінгелі тұрған Әзербайжан азаматының құжатын тексердім. Ол біздің мемлекетімізде рұқсат берілген күннен көп уақыт жүрген. Осы әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылды.

Әскери қызмет әр кез шапшаңдықты талап етеді. Осыны түсінген Жанна жастайынан дене шынықтырумен шұғылданып келеді. Жеңіл атлетикадан өңірлік жарыста екі мәрте жеңімпаз да атанды. Шекара қызметі мен спортты ұштастыра білген қағылез қызды қарулас жолдастары ерекше сыйлайды.

Ал шекарашы Ләззат Маханбетқызы Ақтау әуежайында жолаушы құжатын тексереді. Күдіктенсе, куәлікті бірыңғай ақпарат базасына салады. Іздеуде жүргені анықталса, құжат иесі қамауға алынады. Ләззат жеті жылдық қызметінде талай заңбұзушылықтың бетін ашқан. Мереке күні қызмет орнында табылған офицер аруды басшылық марапаттады. 

Ләззат Маханбетқызы, ҚР ҰҚК ШҚ 2018 Ә/Б ефрейторы:

- Ақтау әуежайын Маңғыстау облысының визит картасы деп айтуға болады. Мұнда дүние жүзінен жолаушылар келеді. Біздің міндетіміз – олардың қазаққа тән қонақжайлықпен күліп қарсы алу, құжатын тексеру, қызмет көрсету. Күніне шамамен 200-дей кісі алдымыздан өтеді. Жұмысым оңай емес, бірақ өзіме ұнайды.

Шекарашы қыздың міндеті құжат тексерумен шектелмейді. Қажетінше, арнайы құралдың көмегімен ұшақта жарылғыш зат жоқтығын тексеріп шығады. Ол кезекшіліктен соң аймақтағы басқармаға шақырылған. Мұнда мерекелік концерт қойылып, шекарашы аруларға құрмет көрсетілді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы