378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық Т.Власова темір құбырлардағы сызат пен дәнекерлеу жұмыстарын анықтайды

  • 264
  • UPD: 14:05, 08.03.2019

Сирек кездесетін мамандық иесі дефектоскопист Татьяна Власова – темір құбырлардың арасындағы сызаттың себеп-салдарын анықтап, оның әрі қарай қалыпты жұмыс істеуін қадағалап отыратын нәзік жан.

Алматы жылу электростансасының зертханасында 14 ер адамның арасында жалғыз әйел Татьяна Власова жұмыс жасайды. 24 жылдық еңбек өтілі бар ол – темір құбырлардағы сызатты және дәнекерлеу жұмыстарын анықтайтын дефектоскопист. Ұжымында оны «Болаттай берік ханым» деп атайды екен.

Юрий Шиханов, жылу электр станциясының бөлім басшысы: 

- Татьяна Власованың сөзі мен ісі  расында да темірдей берік. Оған бүкіл электростанса құрылғыларының жұмысы тәуелді. Сондықтан соңғы шешімді сол кісі қабылдайды. Ол қалай айтады, солай болады.

Алматы қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған электростансалардың бірінде ақау пайда бола қалса, оның себеп-салдарын осы мамандар анықтайды. Істен шыққан құбырды ауыстыруға немесе жаңа қондырғының пайдалануға жарамдылығын айтатын да, оған химиялық зерттеу жасап, механикалық тәжірибеден өткізетін де металтанушылар. 

Татьяна Власова, инженер:

- Бізді энергетика сақшысы деп атайды. Себебі біз апатты жағдайлардың алдын алуға міндеттіміз. Бұл – жауапты жұмыс. Осы уақыт ішінде мен темірді кесіп те, жонып та, дәнекерлеп те көрдім. Әрине, мұны ер азаматтың жұмысы дейтіндер көп. Бірақ мамандығым өзіме ұнайды.

«Қолыма темір құрылғыны алып, микроскопқа үңілгенде айналадағы басқа жұмысты ұмытып кетемін», – дейді Татьяна. Ол жылу электр стансасындағы әрбір металл, әрбір құбырдың бүге-шүгесіне дейін біледі. «Ер азаматтардың арасында болаттай темірмен жұмыс жасағанымен, Татьянаның өзі де, жүрегі де нәзік», – дейді әріптестері.

Авторлары: Алуа Маханбет,  Индира Оразалинова, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы