378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда әйелдер алып машиналарды да еркін жүргізеді

  • 318
  • UPD: 15:31, 08.03.2019

Атыраудағы мұнай машиналарын жасау зауыты – отандық кәсіпорындар арасында шоқтығы биік мекеме.

Мұнда мұнайды тереңдетіп өңдеу саласына арналған салмағы 1 мың тоннадан асатын алып қондырғылар шығарылады. Осындай күрделі технологиялық өндіріс басында ауыр техникаларды ұршықша иіріп жүрген әйелдер де бар. Солардың бірі – Айжан Асмағамбетова.

Айжан Төлегенқызы соңғы 12 жылдан бері мұнай машиналарын жасау зауытында кран жүргізушісі болып еңбек етеді. Салмағы 50 тоннадан асатын ауыр қондырғыларды жымын білдірмей көтеріп-түсіргенде ерлерге де дес бермейді. Жалпы, бұл кәсіпорында бүкіл әулет болып жұмыс істеп, айтарлықтай династия қалыптастырған. 

Айжан Асмағамбетова:

- Мен бұл мамандыққа анамның ақылымен кірдім. Менің анам да осы зауытта 40 жыл қызмет етіп, зейнеткерлікке шықты. Осы зауытта менің 2 ұлым, апам, қайын інілерім – бәріміз отбасы болып қызмет атқарамыз. 

Зауытта жалпы 360 адам еңбек етеді. Ал Айжан Төлегенқызы жұмыс істейтін монтаждау-дәнекерлеу цехында 160 адам бар. Соның ішнде еркектермен иық тірестіре жұмыс істеп жүрген  жалғыз әйел адам да осы Айжан Төлегенқызы.    

Мақсот Ишаев, зауыт директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары:

- Жұмысына өте жауапты бұл мамандық өзі кәсібилілікті талап етеді. Жұмыс өте қиын, жауапкершілікпен қарайтын жұмыс. Өзі осы дәрежеге лайықты деп есептейміз. 

Айжан Асмағамбетова тек кәсіби маман ғана емес, көп балалы ана. Төрт баласынан тараған немере-жиендерінің аяулы әжесі. Осындай ауыртпалығы көп еңбекте озат, шаңырағында бақытты аналарымыз жастарға үлгі болары анық. Осы мақсатта қазір Айжан Төлегенқызы зауытта жұмыс істеймін деген ниеті бар қыз-келіншектердің басын қосып шәкірт те тәрбиелеп жүр. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы