378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» арнасының арулары ұжым сыйлығынан бас тартты

  • 337
  • UPD: 20:51, 08.03.2019

Бұл күні қыз-келіншектерді қалай таң қалдыруға болады?

Таң сәріден бері ерлер қауымын алаңдатқан басты сұрақ осы. Ал оған аса мән бермегендер тек гүл дүкендерінің саудасын қыздырып жүр. Бұл – әрине кейбір аруларды таңырқата қоймайтын қадам.

Қызғалдақ, раушан, орхидея немесе гортензия. Бұл – ел арасында үлкен сұранысқа ие гүлдер. Оларды сыйлық ретінде ұсыну – әйелдер қауымын таңқалдырудың ең тиімді әрі оңай жолы. Дегенмен уақыт өткен сайын қыз балалардың талғамы өзгеріп келеді. Сондықтан ер азаматтарға біраз еңбектену қажет.

Наталья Нагаева, сатушы:

– Мереке күндері біздің өнімдерімізді сатып алушылар көп. Бұл сыйлықтарды достарыңызға, құрбыларыңызға немесе әріптестеріңізге берсеңіз болады.

Анығында талғамға талас жоқ. Әйелдердің барлығы бірдей гүлді ұната бермейді, бірі гаухар тасы бар сақина, енді бірі қымбат иіссу немесе опа-далап, керек десеңіз жеке баспана қалайтындары да бар.

Ардақты аналарымыз, күлімкөз әпке-қарындастарымыз бен сүйікті жарларымыздан бөлек, әріптес аруларға қандай сыйлық ұсынуға болады? Мұны да ерлер қауымы ескерген жөн. Мәселен, біздің ұжым «Хабар 24» арнасының азаматтары бұл сұраққа ұзақ ойланды. Нәтижесінде әріптес қыздарымыздың өзі оған жауап тапты. Мерекеге жиналған қаражатты олар алматылық 3 жасар Селім Мұсаевтың еміне жұмсауды жөн санады.

Эльмира Досжан, «Хабар 24» арнасының режиссері:

– Мереке күні біз сыйлықты алмасақ та, сол мұқтаж балаларға көмегіміз болсын деп осындай шара ұйымдастырдық. Селім тәуір болып, денсаулығы жақсы болып кетсін деген тілектеміз.

«Гүлдің орнына өмір сыйла»! Селімнің анасы бірнеше күн бұрын қоғамға осындай атаумен қайырымдылық акция бастауды ұсынған болатын. Алғашқылардың бірі болып, оған арнамыздың арулары үн қосты. Себебі 8 наурызды олар сұлулық пен мейірімділік үндестік табуы тиіс мереке деп біледі.

Авторлары: Андрей Деменок, Нургали Мамурбаев

Хабар 24 телеарнасы