389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда көп балалы аналарға құрмет көрсетілді

  • 1101
  • UPD: 13:46, 09.03.2019

Түркістан облысында 135 мыңға жуық көп балалы ана тұрады. Оның 51 мыңнан  астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында жаңа облыстың жаңа әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі көп балалы аналарға арнайы дастархан жайып, сый-сияпат жасады. Ортаға биге шақырып, әсем әуеннің ырғағымен тербелді. 

Аймақ басшысымен кездесуге облыстың барлық өңірінен 200-ден астам көпбалалы ана жиналды. Олардың арасында қарапайым еден жуушыдан бастап, кітапханашы, мұғалім, дәрігер мен түрлі салада қызмет етіп жүрген іскер әйелдер де бар. Қыз ғұмыр көктемнің көрінісіндей болған ақжаулықтылардың барлығы да бүгін әдемі, гүлдей құлпырып кеткен. Жүздері бал-бұл жанып, ерекше нұрға бөленгендей. Ер азаматтардың ілтипаты мен қошеметі одан сайын көкке көтеріп, әуеге қалықтатып жібергендей болды.

Сұлушаш Қасқабаева, көп балалы ана /Түлкібас ауданы/:                                                                                                                    

-Бүгінгі іс-шараға үлкен рахмет. Әйелдерді құрметтеп, шақырып, алтын уақыттарын бөліп, келіп жатырмыз. Елбасымызға рахмет бүгінгі халықаралық әйелдер күнінде осындай іс-шара жасап жатқандарына. Алтын алқамын мен де. 6 қыз, 1 балам бар.

Гүлдария Ырысбаева, көп балалы ана /Созақ ауданы/:

- Мектепте кітапханашы боп жұмыс істеймін. 6 балам бар, күміс алқамын. Енді мынау әр балаға 21 мың теңгеден деген Елбасымыздың бастамасы өте қуанышты. Біз қатты қуандық.

Салтанаты кеш барысында өңір басшысы ақ дастархан басына жайғасып, аналармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Қал-жағдайларын сұрап, тұрмыс-тіршілігімен танысты. Өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген нәзікжандыларға алғысын білдіріп, сый-сияпат жасады.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:                                                         

-  Қазақта «Ана алақанының аясы, ақ шынардың саясы» деген сөз бар. Әрбір перзенттің парызы – алдымен ана сүтін ақтау. Ардақты анаға құрмет көрсету. Кезінде заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқан «әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді» деп. Сондықтан арқа сүйер азаматтарыңызға еркелеп, отбасының ұйытқысы болып жүре беріңіздер. 

Аналар бір шаңырақтың ғана емес, тұтас елдің ұйытқысы. Егер әр отбасыда ана бақытты болса, онда тұтас ел бақытты болады. Осыны ескерген өңір басшысы жергілікті әкімдерге халыққа жақын болуды, жастарды жұмысқа көптеп тартуды және аналардың жағдайын басты назарда ұстауды тапсырды. Кеш соңында ақжаулықты аналарды биге шақырып, көңілдерін бір көтеріп тастады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы