378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 10 жатақхана салынбақ

  • 267
  • UPD: 23:15, 09.03.2019

Жамбыл облысында 8 наурыз мерекесінде 60 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жаңатас қаласында көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларға берілді. Бұл үйлер тоқырау жылдары иесіз бос қалған. Мемлекет оларды кезекпен жөндеп, ел игілігіне жаратып жатыр.

Сарысу ауданының тұрғындары үшін бұл мерекелік сый болды. Қайта жаңғыртудан өткен үй баспанаға аса мұқтаж жандарға арендалық тұрғын үй ретінде беріліп отыр. Баспаналы болғандардың тізімін аудандық тұрғын үй комиссиясы зерттеу, зерделеу жүргізіп барып анықталған.

Бүгін Гүлайым Тілепбергенованың қуанышында шек жоқ. Көп балалы ана бірнеше жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келген. Ол 7 жыл бұрын кезекке тұрып, Халықаралық әйелдер мерекесінде арманына қол жеткізді. 

Гүлайым Тілепбергенова, көп балалы ана:

- Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрдық. Айына кейде 10 мың, кейде 15 мыңнан. Міне, кезекте тұрғаныма 7-8 жыл болды. Бүгін қуанышты сәтіміз келді. Үйлі болдық, үш бөлмелі. Үлкен рахмет! 

90-жылдары шағын қаладағы 100-ден астам көп қабатты тұрғын үй, мыңдаған пәтер бос қалған еді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері бұл үйлер техникалық сараптамадан өткізіліп, жарамсыздары сүріліп тасталды. Ал жарамды деген 16 үй жылда шетінен жөнделіп, ел игілігіне беріліп жатыр. Құрылысшылардың айтуынша, бұл жаңа үйді салғаннан гөрі экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді. Мәселен, жаңа үйді бастан-аяқ салып тұрғызу үшін 700 миллион теңгедей қажет болса, бұл үйлерді қайта жаңғырту мемлекетке 300 миллион теңгеге айналады.

Қазір аймақ бойынша 24 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Бұл мәселені шешу бағытында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында былтыр 1673 пәтер пайдалануға беріліп, 4 мыңнан астам жер учаскелеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды.

Бекболат Орынбеков, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, 2019 жылы 28 үй беріледі. Біреуі өтпелі болып қалады. Соның ішінде 6 үй жалға берілетін үй. 21 үй өзіміздің несиеге берілетін үй болып қалады.

Сондай-ақ аймақта аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арнайы 10 жатақхана салынбақ. Оның алтауының құрылысы биыл басталады. Таразда үшеуі, қалғандары Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларында бой көтереді. Мұнда баспанаға мұқтаж 400-ге жуық отбасы кезегі келгенге дейін орналастырылады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы