378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде облысында 500 қыз-келіншек погон тағып жүр

  • 269
  • UPD: 23:14, 09.03.2019

Әскери форма киіп, погон таққан әйел адамдарға көз үйренгелі қашан.

«Елімді қорғаймын» дейтін нәзікжандылардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Әлиядай батыр қыздың жерлестері, ақтөбелік полиция қызметкерлері де күн-түн демей сапта тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Нысананы көздегенде қырағылық маңызды. Мүлт кетсең, қарсыласың күш алады. Зибагүл 15 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді. Осы жылдар ішінде не көрмеді? Аға тергеушіге қастандық жасағысы келгендер де болды. Ол әйелмін демеді. Өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып келеді. Майор келіншектің айтуынша, бұл саланың қиындығын «қазанында қайнағандар» ғана біледі.

Зибагүл Көпенова, аға тергеуші:

- Отбасымыз бар, әйел адам жұмыспен бірге үйдің жұмысын да алып жүруі керек. Ер адамдар сияқты кешке дейін отыратын кездер болады. Ертеңгісін дабыл деп шақыратын кездер болады. 3 балам әлі кішкентай, түсіністікпен қарайды. Әйел адамға қиын.

Зибагүл мінсіз қызметі үшін талай марапат алды. Себебі, ауыр және өте ауыр қылмыстарды ашты. Көрсеткіш үшін емес, себебі, таңдаған мамандығына адал. Жалпы, облыстың ішкі істер саласында әйелдер аз емес. Барлығы 500 қыз-келіншек погон тағып жүр. Анықтаушы Эльмира Сүлейханова аптасына 2-3 рет арнайы жаттығуға келіп тұрады. Полицейге біліктілікті арттырып отыру маңызды. Босаңсуға мүлде болмайды.

Эльмира Сүлейханова, анықтаушы:

- «Әйел адамның жұмысы емес» деп көп айтады. Алайда осы мамандықты таңдағаннан кейін, жауапкершілікпен атқару керек. Мен өз міндетімді адал атқарып келемін. Бұл қызметте адалдық, еңбекқорлық маңызды.

Ақтөбеде полиция қызметкерлерін дайындайтын заң институты бар. Мұнда 80 бойжеткен қылмыспен күресудің жолдарын оқып жатыр. Әйелдер мерекесінде әдемі көйлек киіп, мерекелік шаралар өткізеді. Оқу орнында жақында фронт-офис ашылды. Мұнда болашақ полиция қызметкерлері қарапайым тұрғындарға тегін құқықтық қызмет көрсетеді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы