378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жеңіл автокөлік құрастыру көрсеткіші 72 пайызға өсті

  • 258
  • UPD: 23:13, 09.03.2019

Отандық автокөлік өндірісі қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тек былтырдың өзінде жеңіл көлік құрастыру 72 процентке өсті. Нәтижесінде бұл саладан түсетін табыс 185 миллиард теңгеге жетті. Өскеменде жылына 60 мың автокөлік шығаратын зауыт салынып жатыр. Ол іске қосылғанда көрсеткіш тағы еселене түспек. 

Жаңа автозауыт Өскеменнің шетінде салынады. Ол үшін арнайы 500 гектардан астам жер бөлінген. Бүгінге дейін әкімшілік ғимарты бой көтерді. Былтыр күзден бастап өндірістің іргетасы қалынып жатыр. Құрылысшылар дәл қазір дәнекерлеу және сырлау бөлгінің тағанын тартуға кіріскен.

Дмитрий Попов, автозауыттың техникалық директоры:

- Биыл қозғалтқыш цехын толық аяқтап, құрылғыларды қойып, монтаждау жұмыстарын бастаймыз. Қазір барлық жұмыс кесте бойынша істеліп жатыр.

Зауыт іске қосылып, барлық қондырғылар орнатылған соң, бір жылда 60 мың жеңіл автокөлік шығару жоспарланып отыр. Өндіріс толық іске қосылғанда, бір мың адам тұрақты жұмысқа қабылданатын болады. Ол үшін жас мамандар қазіргі автозауытта дайындалып жатыр.

Жоғары оқу орындарындағы студенттер іс-тәжірибеден зауытта өтеді. Оларға кәсіби мамандар цифрлық жүйемен жұмыс істейтін құрал-саймандардың қыр-сырын үйретеді. 

Рустам Якупов, көлік құрастыру аумағының бригадирі:

- Студенттер зауытқа келген бойда бірден тәлімгерлер тағайындалады. Олар жас мамандарға автокөліктің әрбір тетігін құрастыруды көрсетеді.

Жаңа технология мен мамандардың кәсіби білімінің жетілуі автоөндіріс қарқынының артуына септігін тигізеді. Нәтижесінде өндірістің қарқыны жылына 25 процентке өседі.

Ерік Сағымбаев, автозауыт директоры:

- Қазір өндірістегі өнім көлемі бір адамға шаққанда 150 мың долларға жетті. Бұл еліміз бойынша орташа статистикалық көрсеткіштен 5 есеге жоғары.

Өскемендегі автоөндірушілер осы жылдың соңына дейін 30 мың жаңа көлік шығарып, еліміз бойынша автоиндустрия саласында көш басына шығуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы