378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысындағы балалар технопаркінде 20 тегін үйірме ашылды

  • 204
  • UPD: 08:22, 10.03.2019

Қарағанды облысында ашылған балалар технопаркінде 300-ге жуық бала тегін білім ала алады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Шахтинск қаласында орналасқан заманауи орталық қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Сонымен қатар балабақша мен мектеп оқытушылары робототехника бойынша бір бірімен ой алмасып, біліктілігін арттыруға да жағдай жасалған.

Технопаркте ерекше экскурсия жетекшісі бар. Балалардың өздері құрастырған «Анатолий» деген робот келушілерді қарсы алып, үйірмелерге барар жолды көрсетеді. Бұл заманауи орталықта цифрлық, жобалық және радиоэлектроника құрастыру зертханалары бар. Робототехника үйірмесіне 5 тен 18 жасқа дейінгі балалар қатысады. Ал мультимедиялық-лингофондық сыныпта оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде техникалық терминдермен танысады. Ал «Эврика-паркте» жоғары сынып оқушылары зияткерлік ойындар мен шеберлік сағаттарын өткізеді.

Кирилл Гайер, №3 мектеп оқушысы:

– Бізде түрлі жаңа технологиялар қолданылады. 3D- принтерлер, сканерлер сынды қажеттінің бәрі бар. Біз арманымызға қол жеткіздік деуге де болады. Техноорталық қызметі тегін. Қайық жасау, ағаш пен темірді өңдеу үйірмелері де бар.

Технопаркте 20 үйірме бар. Орталыққа Шахтинск қаласының 300ге жуық кішкентай тұрғыны келеді. Олар техника тілін жетік меңгеріп, құрастыру ісінің қыр-сырын жастайынан меңгереді.

Ирина Шмик, Шахтинск қаласы балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры:

– Балалар орталықта жасына қарай үйірмелерге бөлінеді. Бірнеше кезеңді өтеді. Алдымен техникалық дизайн жасау яғни балалар робототехникасы, одан кейін қайық жасау және күрделі робототехниканы үйренеді. Ал радиоэлектроника құрастыруға колледж оқушылары қатысады.

Техноорталық оқытушыларға да арналған. Мұндағы зияткерлік технологиялар шығармашылық зертханасында мектеп пен балабақшалардың ұстаздары робототехникадан тәжірибе алмасады.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов

Хабар 24 телеарнасы