378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мамандығына адал оралдық нәзік жандыларға жерлестерінің алғысы шексіз

  • 201
  • UPD: 10:26, 10.03.2019

Әлемде әйелдер игермеген кәсіп түрі қалмаған болар, сірә?

Айналасына ізгілік нұрын сепкен мейірбан жандардың арасында ақ халатты абзал жандар да, қауіп-қатерге толы қызметтерді ерлермен бірге иық тіресе адал атқарып жүргендері де баршылық.

Лейла Әбдірахманова жедел әрекет ететін құтқару жасағында 4 жылдан бері еңбек етіп жүр. Өзінің айтуынша, сырт көзге қатал көрінетін қызмет иелеріне де әркез моральдық қолдау қажет. Дегенмен оқалы арудың басты қызметтік міндеті – тосын жағдайға тап болғандарға психологиялық көмек көрсету. Жарғы бойынша ол – өрттен, судан немесе жол-көлік апаттарынан зардап шеккендерге алғаш болып жететіндердің бірі. Алайда жаңа ғана жақынынан айырылып, қайғы жұтқан жандарды жұбату оңай емес. Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі мұндайда мықты тәжірибеге ғана сүйенеді. Ол осы 30 жылда мыңдаған адамға көмектесті. Қандай қиын жағдайлар болмасын, мамандығына адалдық танытты.

Лейла Әбдірахманова, психолог:

– Психологтың қызметі менің ойымша әйелдерге тән. Себебі оқыс жағдайға тап болған жандарды тыныштандыру кезінде әйелдің нәзік дауысының өзі үлкен көмек. Әсіресе, балаларға қажет болатынымызды қызмет барысында көріп жүрміз. Ал ерлер қызмет атқаратын ұжымда әйелдердің де болғаны артық етпейді деп ойлаймын. 

Балалар дәрігері Гүлнәр Сүндетованың жұмыс өтілі де 30 жылдан асыпты. Ол қазір «Мейірім» атты бөбектер үйінде еңбек етіп жүр. Мұнда дәрігерлер үшін баланың меңгерген әрбір машығы жеңіспен тең. Өйткені бұл жерге негізінен жүйке жүйесі ақауымен туған сәбилер әкелінеді. «Оларды дертінен сауықтырып, өсіріп, жаңа отбасыға табыстау – біздің ұлы міндетіміз», – дейді ақ халатты абзал жан.

Гүлнәр Сүндетова, балалар дәрігері:

– Бәріміздің мақсатымыз бір. Осында келген балалардың денсаулығын оңалтып, көңіл-күйін көтеріп, аналық махабаттымызды балаларға сыйлауға тырысамыз.

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», – дейді халық даналығы. Ал біздің кейіпкерлеріміз әлемді құтқарар күштің ізгілік пен мейірім ғана екеніне сенімді.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы