378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында шетелден импортталатын экзотикалық өсімдіктер өсіріле бастады

  • 208
  • UPD: 09:59, 10.03.2019

Жамбыл облысында гүл бизнесі дамып келеді.Қазір аймақ кәсіпкерлері еліміздің ірі 10 шаһарын гүлмен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті шетелден импортталатын экзотикалық өсімдіктер де өсіріле бастады. Күтіп-баптаудың тың технологиясын жергілікті тұрғындар меңгеріп, отандық гүлдер ішкі нарыққа шығарылып жатыр.

10 миллион түп гүл. Жылыжайларда осыншама гүл егіліп, қазір жайқалып өсіп келеді. Кәсіпкер осыдан 12 жыл бұрын осы істі 500 мың түптен бастаған. Бүгінде жылыжайлар саны 60-қа жетіп, өнім көлемі айтарлықтай еселенді.

Римма Анабекова, кәсіпкер:

– Торфқа егеміз. Торфты Германия, Голландиядан алып келеміз. Өйткені торфта гүл өзінің бар әдемілігін көрсетіп, жақсы өседі. Тура сол өсіп жатқан торфпен алып, жерге егеміз. Өйткені қалада топырақтары, жерлері әртүрлі болады.

Жамбылдық гүлдерге сұраныс жыл санап артып келеді. Гүлдер сапасы мен қоршаған ортаға тез бейімделуімен ерекшеленеді. Бірақ ұрығы Голландиядан жеткізіледі. «Сондықтан бұл нарық бағасына әсер етеді», – дейді кәсіпкер. Ол жергілікті агрономдарды шетелге оқуға жіберіп, тың технологияны меңгеріп келді. Осының арқасында қазір импорталатын экзотикалық гүлдердің 30 проценті өздерінде өсіріледі. 

Римма Анабекова, кәсіпкер:

– Қазір бізде ұрықтан егіп гүл өсірудің бірінші кезеңі деп айтуға болады. Осы гүлдер сәуір айында қалаларға жеткізіліп беріледі.

Жылыжайларда гүл қысы-жазы өсіріледі. 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал маусым кезінде 400-ге жуық тұрғын еңбекке тартылады.

Рыскүл Диарова, жұмысшы:

– Біз гүлді ұрықтан шашып, осы халге дейін жеткіземіз. Қазір гүлдің ортасындағы өзегін жұлып алып тастап жатырмыз. Гүл жайқалып өсуі үшін. Ал егер ортасындағы өзегін алмасақ, гүл сериіп өсіп кетеді.

Жуырда жазғы жылыжайларға гүл отырғызу жұмыстары басталады. Ал қыстай өсіп жетілгендері елордадан бастап, Алматы, Ақтау, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан облысына жөнелтіледі.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы