378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы тұрғыны киізден заманауи үлгідегі ұлттық киімдер жиынтығын ұсынды

  • 244
  • UPD: 15:46, 10.03.2019

Алматы облысының тұрғыны Гүлбаршын Байсариева киізден заманауи үлгіде ұлттық киімдер тігеді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Әйелдер мерекесі қарсаңында шебер жұртқа бірнеше әдемі көйлектің жиынтығын ұсынды.

Гүлбаршын Байсариеваның Қазақстанға көшіп келгеніне 13 жыл. Өзбекстаннан тарихи отанына оралған ол алғашқы кезде немен айналысарын білмеген. Өз ісін ашуға қаражат та қолбайлау болыпты. Тығырықтан шығу үшін ол әжесінің ісін жалғастырып, қой жүнін қолмен түтіп, киіз жасайды.

Гүлбаршын Байсариева, дизайнер:

– Өзім де бұрыннан осындай киімдер тігетінмін. Келешекте ұрпаққа өнерімді қалдыруым керек.

Гүлбаршынның цехы шағын ғана. Шикізат та өзінен. Жайылымында 200 бас қой бар. Сәуір айында басталатын қырқыннан алатын жүнді сәнді киімдер жасауға жұмсайды.

Гүлбаршын Байсариева, дизайнер:

– Қазір Қытайдың тауарлары көп. Соны тоқтату үшін өзіміздің табиғи өнімді шығаруда үлкен жобаларды алдыма қойып отырмын. Басқа мемлекетке өзіміздің отандық өнімді ұсынуымыз керек.

«Киізден жасалған заманауи үлгідегі киімдерге сұраныс та жоғары», – дейді шебер. Себебі өнімнің құрамы таза, табиғи. «Қазақтың тұрмысында киіздің жиі қолданылуының да сыры осында», – дейді этнограф ғалымдар.

Тәттігүл Қартаева, этнограф-ғалым:

– Киіз қазақ халқының тұрмысында өте ерте кезде қалыптасқан. Өздеріңізге белгілі, атақты сақтардың пазырық қорғанынан табылған киіздің жұрнақтарын айтуға болады. Аяқ киімнің ұлтарағы киізден пішілді. Киіз ұлтарақ бүгінгі күнге дейін кең қолданыста. Себебі киіз ұлтарақ ол аяққа жылы және де ұзақ жол жүргенде аяқ киімді ұзақ уақыт киген кезеңде терді өзіне қарай сіңіреді. Ол денсаулыққа өте пайдалы.

Гүлбаршын алдағы уақытта Астана мен Талдықорған қалаларында өндірісін өркендетуді қолға алуды жоспарлап отыр. Шәкірттерін де дайындаған. Олар енді бірлесіп, қазақтың заманауи үлгідегі ұлттық киімдерін тігуді қолға алмақ. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы