378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Талдықорғанда газ тарту жұмыстары баяулап қалды

  • 135
  • UPD: 15:19, 11.03.2019

Екі жылда 2 жарым мыңнан астам абонет қана табиғи газға қосылған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл қаладағы барлық тұрғын-жайлардың 6,6 пайызы ғана. Өңірде табиғи газдың әр текше метрі 29 теңге болып белгіленді. Алайда үйлерге газ құбырын жүргізу жұмыстары қарқын ала алмай тұр.

Иә, Талдықорғанда табиғи отынның бағасы арзан болғанымен, үйлеріне газ кіргізуді тұрғындардың қалтасы көтермей тұрған жайы бар. Мәселен, жеке сектордағы бір үйді көгілдір отынға қосу үшін 400 мың теңге қажет. Сондықтан жергілікті халық көмірден табиғи газға көшуге еш асығар емес. Оның тағы бір себебі бар. Үйді-үйге газ құбырын тартумен айналысатын мердігер компания өкілдері өз ісіне жауапты қарамай отыр. Жұрттан ақша жинап алып, жеме-жемге келгенде алдап кетеді.     

Сергей Турванов, қала тұрғыны:

- Ақшамызды төлеп қойғанбыз. Мердігер жұмысты жартылай атқарып, тайып тұрды. Берген қағаздарын қарасам, фирманың атауы басқа да, мөрі мүлде бөлек. Содан күмәндана бастадым. Ақыр аяғында алаяқтарға алданып қалдық. Олар жалғыз мені емес, 44 адамды осылай сан соқтырып кетті.

Ал көп қабатты тұрғын үйлердегі жағдай бұдан өзгеше. Олар осы уақытқа дейін сұйылтылған газды пайдаланып келді. Табиғи газға көшу тұрғындар үшін өте тиімді, әрі қауіпсіз. Бірақ мұнда да газ компаниялары бір мәмілеге келе алмай отыр.

Төлеш Түгелбаева, қала тұрғыны:

- Бізде мұндай проблема болған жоқ. Газ үнемі беріліп тұрды. Енді мынандай газға ауыстырды. Ауыстырған кезде халықтың жағдайына кіру керек қой. Алды да мейрамның алдында өшіріп тастады. Біз дайын емеспіз ғой, көрдіңіз бе? Бізге газ ұстауға болмайды, тек қана тоқ. Шай қайнатып ішіп отырмыз. Бір-бірінен сұрап жүр.

Дәулет Өсербаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының бас маманы:

- Бұл мәселені газ-техникалық инспекция оп-оңай шешіп берер еді. Бірақ бізде жекелеген мердігерлер ісімен айналысатын ондай инспекция жоқ. Сол себепті туындаған дау-дамайдың бәрі сот арқылы шешіледі. Өздеріңіз білесіздер, оған біршама уақыт кетеді. Газ-техникалық инспекция келіп, айыппұл салса, мердігерлер өздері үшін зыр жүгірер еді.  

Қала тұрғындары бұл түйткілдер жақын арада шешіледі деген үмітте. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларға бірқатар жеңілдіктер жасалатынын да айта кетейік. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 500 миллион теңге қаралған. Ал көп қабатты тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстарының құны 30 мыңнан 8 мың теңгеге дейін арзандайды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы