378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайдағы тігін фабрикасы жаңғыртылады

  • 152
  • UPD: 15:18, 11.03.2019

Қостанайдағы тігін фабрикасы ескі технологиядан арылып, заманауи өндіріске көшіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл жеңіл өнеркәсіп саласындағы шетелдік әріптестік көкжиегін кеңейтіп, жаңа келісімшарттарға жол ашпақ. Кадр даярлау мәселесі де шет қалмайды. Салалық колледжермен тығыз байланыс орнату арқылы оқытудың бірізділігін қалыптастыру көзделіп отыр.

Бұл фабрикадан жылына 100 мыңдай киім мен бұйым түрлері шығарылады. Олар негізінен әскерилер мен мұнайшыларға арналған киімдер. Сапа жөнінен шетелдік өнімдерден еш қалыспайды. Ал соңғы уақытта түсетін тапсырыс азайып, салдарынан былтыр жұмыс уақытша тоқтаған. 

70 жылдық тарихы бар бұл тігін фабрикасы талай қиындықтарды еңсерді. Сондықтан тұралап қалмайды, тұрақты жұмысын жалғастыра бермек. Тек одан әрі өркендеп, дамудың келесі кезеңіне өту үшін мемлекеттің қолдауы қажет боп тұр.

Мемлекеттің қолдауы экспорттық кедергілерді жоюға негізделеді. Ал қалған мәселелерді өндіріс орны өз күшімен шешуге дайын. Алға қойған мақсаттары – коммерциялық бағытта даму.

Әрсен Жетпісбаев, тігін фабрикасының директоры:

- Өткен жылы Қорғаныс министрлігі бізбен арадағы келісімшартты бұзған еді. Осылайша ірі көлемдегі жалғыз тұтынушымыздан айырылдық. Енді мемлекеттік тапсырысты 30 процентке төмендетіп, керісінше, халық тұтынатын тауарлар мен коммерциялық сұраныстың үлесін арттырамыз. Өндірісті әртараптандыру сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

Бақыт Сақаеваның тігінші боп қабылданғанына 35 жылдан асқан. «Фабрикаға алғаш келгенімде 2000-дай адам болды. Соның өзінде жоспарды орындап үлгермей жаттық», – деп еске алады. Қазір мұндағы жұмысшылардың саны 300-ге де жетпейді.              

Бақыт Сақаева, тігінші:

- Ақшамыз аз, өйткені жоспар аз. Жастарға жұмыс керек, ақша керек, табыс табу керек. Қаншама келіншектер, қыздар Астанаға кетіп қалды.

Мұнда жас тігіншілер, киім пішушілер аса қажет. Колледж студенттері ақылы тәжірибеден өтіп тұрады. Оларға тәлімгер-ұстаздар бекітілген.    

Раушан Жикенова, өндіріс бойынша директордың орынбасары:

- Қаншама жыл істеп келе жатқан тігіншілер жас мамандарға білімін бере алады. Сондықтан біз колледжбен жұмыс істеп жатырмыз. Колледждің басшысы да келіп кетті. Бізге көмектескісі келеді. Өз мамандарын үйретіп, осында отырғызғысы келеді. 

Модернизациялауға сәйкес, ескірген тігін машиналарды заманауи жабдықтар алмастырады. Құрылымдаушы мамандардың да жұмысы едәуір жеңілдеген. Арнайы компьютерлік бағдарламамен дайын үлгілерді автоматты түрде жасап, тігін цехына жөнелту уақыты қысқарды. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы