378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда сал дертіне шалдыққан балалардың 80% көмекке мұқтаж

  • 110
  • UPD: 18:08, 11.03.2019

Елімізде 100 мыңнан аса ата-ана мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен оларға төленетін жәрдемақы 41 мың 578 теңге болады. Деректерге сүйенсек, еліміздегі 25 мыңнан аса бала сал дертіне шалдыққан. Бірақ олардың 20 процентіне ғана тиісті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Себебі бәрін қамтуға оңалту орталықтары жетіспейді.

Кішкентай Темірланның диагнозы ауыр. Салдану дертіне шалдыққан. Анасы шаранасын талай дәрігерге апарды. Бірақ нәтиже аз. Мамандардың айтуынша, церебралды сал ауруына душар болған балаларға ерте жастан әрі жүйелі көмектесу керек. Өкінішке қарай, еліміздегі оңалту орталықтары саусақпен санарлық. Солардың бірі Астанада. Қазір Темірлан осы орталықта ем алып жатыр.

Айгүл Шәріпова, ата-ана:

– Екі жыл, 6 ай бойы 4-5 рет келдік. Бірақ бала осы жаққа келгісі келеді. Бір нәрсені ашуда бір қолы ашылмайтын. Сол қолы ашылып келе жатыр. ЛФК қызметкерлерінің арқасында енді жүргіміз келеді. Бізге жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі.

Бұл орталықта бір мезетте 50 балаға медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетіледі. Айтарлықтай нәтижені Ақниеттің анасы байқаған. Теміртаудан арнайы келіп, ем алатын бүлдіршіннің дерті бір жасында айқындалды. Қазір ол қабырғаға сүйеніп тұрады, ән айтады. Дәрігерлердің нұсқаулығын түгел орындауға тырысады.

Айзада Жайлаубаева, ата-ана:

– Бір жас бес айында еңбектеді, әлі бірақ жүрмейміз. Орнымызда ғана тұра аламыз. Өз бетінше тұра алмайды. Үш апта осы жерде ем аламыз. Үш айдан кейін қайта аламыз. Ұлттық орталыққа бізде екінші жыл квота берілген жоқ. Қарағанды облысы бойынша бала көп дейді. Бірақ реабилитациялық орталықтар көп керек.

Еліміздегі нейро-ортопедиялық ақауы бар балалардың көбі мұндай қамқорлықтан ада. Деректерге сүйенсек, науқас бүлдіршіндердің дені солтүстік, батыс, оңтүстік өңірлерде тұрып жатыр. Мемлекеттік және жекеменшік орталықтардың саны 20-дан сәл асады. Абзалы баланың науқас екенін білген бойда қажетті ем шараларын бастау керек. Ал мемлекеттік орталықтарда тек 2 жастан бастап қабылдайды екен.

Гүлмира Әбелдинова, қоғамдық-қайырымдылық қорының президенті:

– Қазір елімізде 26 мың бала сал дертіне шалдыққан. Оңалту орталықтарына кезекке тұрғандар өте көп. Бірақ жылдап күтуге тура келеді. Менің ойымша, мәселені шешудің жалғыз жолы – мемлекеттік орталықтарды көбірек ашу. ҮЕҰ мен қоғамдық қорлар ашса да болады, бірақ бұған ең бірінші қоғамның ықыласы болу керек. Біздің есептеуімізше, экономикалық белсенді қауым күніне 1 теңгеден бөлсе, жыл сайын қажетті орталықтар ашылар еді. Сонда барлық мұқтаж балаға тиісті көмек көрсетілер еді.

Қоғамдық қордың жанынан 3 орталық ашылған. Оның екеуі елордада, біреуі Шымкент қаласында.

Саламатты ұрпақ – ел келешегі. 2019-2021 жылдары мүмкіндігі шектеулі балаларды асыраушыларға төленетін жәрдемақы үшін қосымша 300 млрд теңге бөлінеді. Бұл да – демеу. Енді ата-аналар күн сайын көмекке мұқтаж балаларға тегін қызмет көрсететін оңалту орталықтары көбейсе дейді. Себебі кезек күтуден қажыған олар тиісті емді шетелден іздеуге мәжбүр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы