378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Екібастұзда аумағы 10 гектар болатын жаңа жылыжай іске қосылады

  • 122
  • UPD: 21:32, 11.03.2019

Қақаған қыста да көкөністің түр-түрін өсіріп табыс тауып отырған кәсіпорындар бар.

Осындай жылыжай кешенінің тағы біреуі Екібастұзда салынып жатыр. Мұнда қызанақ өсірілетін болады. Бағбандар сәтін салса тұтынушыларын болгар бұрышы, құлпынайға да қарық қыламыз деп құлшынып отыр.

Жылыжай кешені өнімнің 80 процентін Ресейге эспортқа шығарады. Мұнда өсімдіктер топырақсыз жасанды қоректендіргіш ортада өсіріледі. Көшеттер отырғызылған сәттен бастап жеміс бергенге дейінгі кезеңі компьютермен бақыланады. Мамандар голландтық технологияны қолдана отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізген.

Елена Ловдарь, биолог:

– Біз әлемдік деңгейдегі жетекші фирмалардың технологияларын енгіздік. Ешқандай химиялық қоспалар қолданылмайды. Зиянкестерді жоятын биологиялық қорғанысты пайдаланымыз. Ол – кәдімгі жәндіктер. Біздің өнім экологиялық таза саналады.

Бес гектар алқаптан тәулігіне 8 тонна қызанақ жиналады. Алдымен өнім түрлері сынақтан өткізіледі. Биылғы жылы ұсақ қызанақтар салынған екен. Бірақ ойдағыдай нәтиже бермепті. Енді оның орнына басқа түрін егу жоспарланып отыр.

Қарлығаш Қасиетова, тілші

– Жылыжайда қызанақтың 5 түрі өсіріледі. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екен. Мәселен «хайку» немесе «күлгін» түсті мынандай қызанақтың қабығы жұқа, дәмі тәтті келеді. Оны өсіру күрделі екен. Мәселен, олардың көлемі бірдей, құрамындағы қанттың мөлшері жоғары болуы керек.

Бағбандар біркелкі алқызыл түсті қызанақтардың нарықта сирек кездесетінін айтады. Оның бағасы да арзан емес. Ал Екібастұздағы жылыжай өнімдері толық экспортқа бағытталған. Сондықтан ішкі нарықты қамтамасыз ету жағы қарастырылып жатыр. Ол үшін өндіріс ауқымын арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашу керек.

Әсел Садықова, жылыжай кешені директорының  орынбасары:

– Бізге білікті мамандар қажет. Оның ішінде агрономдарға сұраныс жоғары. Арнайы білімі бар мамандардың арқасында біз сапалы өнім аламыз. Сондықтан осы салада еңбек етуге шақырамыз.

Осы жылдың күзінде аумағы 10 гектар болатын жаңа жылыжай іске қосылады. Ал келесі жылы тағы бір жабық алаңның құрылысы басталады. Онда 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Келешекте қызанақтан бөлек, болгар бұрышы, жасыл көкөніс түрлері және құлпынай өсіру жоспарланып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельнийкий

Хабар 24 телеарнасы