378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздегі әскери бөлімшелердің әлеуеті қандай?

  • 126
  • UPD: 23:39, 11.03.2019

Әскер қатарында жүрген кей сарбаздың денсаулығы сыр берген.

Себеп – жастарды қорғаныс басқармасындағы медициналық комиссия әуел баста жіті тексермейді. Сөйтіп он екі мүшесі сау болмаса да, сол жастар отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. 

Бүгін елорданың іргесіндегі әскери бөлімге барған депутаттар осындай дерекпен бөлісті.

Бүгін мәжілістің бір топ депутаты Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы астаналық бригадасына барды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері 5573 әскери бөлімін толықтай аралап шықты. Материалдық-техникалық әлеуетін бағамдады.

5573 әскери бөлімінің сарбаздары қаланың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке жауапты алдымен.

Не керек, сарбаздар сақадай сай. Иттер де әбден дайындалған. Кез келген қауіптің бетін қайтара алады. Арнайы операцияларға  машықтанған. Із кесетін иісшіл иттер қауіпті затты яки есірткіні санаулы секундта тауып береді. 

Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты бөлімде барлық жағдай жасалған. Тек сарбаз, иттер емес, техникалардың да түр-түрі тұр. Қару-жарақтары сайланған. Әскери өмірін еске түсіргісі келді ме, депутат Бақытжан Ертаев орта жолда кенеттен тоқтап, бір автоматты қолына алып көрді.

Ұлттық ұлан сарбаздарының әскери киімдері де түрленген. Әр мезгіл мен түрлі операцияларда киетін формалары жаңартылыпты.

Ержан Айтуғанов, ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің офицері:

– Бұл форма – күнделікті біздің киетін формамыз. Бастағы күрең берет. Бұл арнайы мақсаттағы бөліністердің нышаны болып саналады. Форманың атауы – Сарыарқа. Антитеррорлық операция кезінде киеміз. Калашников автоматы бар. Қазір 15 келіні көтеріп тұр.

Қорған Төреқожа, тілші:

– Әскери бөлімде мұражай да бар. Бұл жерде атақты Денис Теннің киімі мен конькиі қойылған. Анасы әскери бөлімнің басшылығына арнайы табыстаған екен. Мына жаққа көз жүгіртсек, 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбеде ойран салған террористердің қолынан қаза тапқандар мен лаңгестердің көзін жойған батырлардың суреті ілініпті. Ер есімі - ел есінде!

Депуттар мен Ұлттық ұланның басшылығы әскери бөлімді аралап болған соң, арнайы жиын өткізіп, саладағы өткір мәселелерді талқылады. Мына бөлімге қатысы болмаса да, атап өтейік. Жалпы әскерде жүрген жігіттердің барлығы бірдей мінсіз емес. Араларында үйлерінен сырқатпен келгендері де бар. Яғни қорғаныс басқармасындағы медициналық комиссия өкілдері алдарына келген болашақ сарбаздарды жіті тексере бермейді.

Абай Тасболатов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Бұл әскери бөлімдердің басшылығына байланысты емес. Жас жігіттерді әскерге іріктеп жіберуге ең алдымен жергілікті атқарушы орган өкілдері жауапты. Аудан, облыс орталықтарындағы медициналық комиссия мүшелері алдына келген азаматтарды жіті тексере бермейді. Кейін әскери бөлімдерге келгенде, кейбір сарбаздардың денсаулығы сыр беріп, сырқаттары білініп жатады. Бұл мәселені алдағы уақытта Мәжіліс қабырғасында көтеріп, талқылайтын боламыз.

Жалпы бүгінгі таңда Ұлттық ұланның материалдық-техникалық һәм әлеуметтік жағдайы әжептәуір жақсарған. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер осыдан 5 жыл бұрын үйсіз жүрсе, қазір баспаналы болып жатыр. Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы мәлімдегендей, алдағы уақытта әскерилер тек қызметтік емес, жеке пәтерлерге де ие болуы бек мүмкін. Бұл бағытта қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы