375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда жарылыс болған көп қабатты үй қайта жөнделеді

  • 177
  • UPD: 22:58, 11.03.2019

Таразда жарылыс болған көп қабатты тұрғын үйге қатысты сарапшылардың қорытындысы шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ ресми жарияланған жоқ.

Өйткені зерттеу, зерделеу жүргізген мекеме қорытынды құжаттарын қалалық әкімдікке бермеген. Алдын ала ақпарға сәйкес үй қайта қалыпқа келтіруге жарамды. Ал жарылыстың нақты неден болғаны әлі белгісіз болып тұр. 

Мыңбұлақ ықшам ауданындағы жарылыс болған үй қайта қалыпқа келтіріледі. Бұл жөнінде қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәлімдеді. Жуырда жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге байқау жарияланбақ. Бірақ шаһар басшылығының қолында қазір сараптама қорытындысының құжаттары жоқ. Зерттеу жүргізген мекеме оны бермей отыр. Себебі келісімшартқа сәйкес істелген жұмыстың ақысы төленбеген. 

Бейсенбек Жанбосынов, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:

– Осы аптада келісімшарт бойынша қаражатымызды төлеуіміз керек. Сол қорытындының қаражаты төленгеннен кейін ол бізге заңды қағаз жүзіндегі құжаттарды береміз деп отыр.

Мамандар көп қабатты тұрғын үйдің тек 3 және 4-подъездеріне зақым келген деп отыр. Басқа бөлігі бүтін. Осы екі подъездге толықтай сейсмокүшейту жұмыстары жасалмақ. Мұндағы пәтер иелері қазір уақытша баспаналарында тұрып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 27 ақпанда Мыңбұлақ ықшам ауданындағы көп қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, 6 адам жараланып, 3 адам қайтыс болған еді. Жарылыстың нақты себебі әлі белгісіз күйінде қалып отыр. Алдын ала болжам бойынша газдан болуы мүмкін. Оны анықтау үшін 36 маманнан тұратын жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Бүгін тағы қосымша Алматыдан арнайы маман шақыртылып, жұмысқа кірісті.

Гүлсара Мұхтарқұлова, облыстық пд баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Жарылыс болған бірінші және екінші қабаттардағы пәтерлерден газ құбырлары, газ плитасымен қосатын шлангтер алынды. Сонымен қатар Алматы қаласынан арнайы сарапшы шақырылып, қосымша жарылыс-техникалық және өрт-техникалық сараптамалар тағайындалды. Бүгінгі таңда 118 адамнан жауап алынды.

Жойқын жарылыстан кейін ауруханаға түскен 6 адамның 4-і сауығып, үйлеріне жіберілді. Ал 65 және 32 жастағы науқастардың жағдайы ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы