378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкентте ақылды автотұрақтар іске қосылады

  • 160
  • UPD: 22:29, 11.03.2019

Шымкентте сәуір айынан бастап бірыңғай ақылды автотұрақтар іске қосылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңашыл жобаның құны – 109 миллион теңге. Зияткерлік жүйе мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады.

Көлік жүргізушілері тұрақтың ақысын төлем терминалы, мобильді қосымша, смс немесе жүйе сайты арқылы төлей алады. Сондай-ақ ақылды тұрақ жобасы көлік кептелісінің де алдын-алуға сеп болмақ.

Шаһарда қазір не көп, автотұрақ көп. Базар маңы, сауда орталығының жаны тіпті көше бойында да. Алайда оларды бір ізге келтіру – заман талабы. Мәселенің мән-жайына қанық жергілікті әкімдік қазір бұл проблеманың жауабын тапқанға ұқсайды. Айтуларынша, жуырда мегаполисте су жаңа ақылды автұрақтар жұмыс істей бастайды.

Семён Клиперт, автотұрақ инспекторы:

– Басты талап – мұндағы автотұрақты тәртіпке келтіру. Қазір біз алдын ала тұрғындар мен жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Ал 1 сәуірден бастап ресми түрде тұрақ жұмыс істей бастайды. Сол кезде автокөлік иелері тұраққа төлем жасайды. Инспектор мұны қадағалап отырады.

Ақылды автотұрақтарда әрбір көлікті қадағалап, келген көліктің нөмірін сол мезет суретке түсіріп, жүйеге жолдайтын арнайы инспекторлар жұмыс істейді. Жүргізушілер тұрақ ақысын бірнеше тәсілмен, яғни төлем терминалы, мобильді қосымша, смс немесе жүйе сайты арқылы төлейтін болады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қорына түскен қаржыны аулалардағы тұрақ мәселесін шешуге жұмсау жоспарлап отыр . Бұл жоба көлік тұрағы жұмысының ашықтығын, полиция департаменті мен эвакуация қызметі арасындағы өзара іс қимылды қамтамасыз етеді.

Рашид Аюпов, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:

– Бас жоспар бойынша қалада 1000 орын қарастырылған. Бірақ бүгінгі күнге дейін тегін деп жазылып келгендерлерге кейбір кәсіпкерлер тегін автотұрақтан қаржы жинауда. Бүгінгі күнде заңдастырғаны 46 автотұрақ бар. Мұның ерекшелігі өзіңізге белгілі Астана, Алматы секілді ақылды жасау. Адамдарға қолма-қол ақша беру емес, онлайн арқылы немесе телефон арқылы төлеу мүмкіндігін туғызу. 

Жасыратыны жоқ, заңсыз орналасқан автотұрақтар кептелістің көбеюіне де себепкер. Сондай-ақ жұртшылық жаппай мінетін қоғамдық көліктердің де жол жүруіне кедергісін келтіреді. Ал кей кездері апатты жағдайларға сеп болып, арнайы көліктердің қозғалуын тежейді. «Ал жаңа тұрақ жұмысын бастағанда, шаһардағы көлік кептелісі азаяды», – дейді мамандар. Сондай-ақ Алматы, Астанадағы автотұрақтарға қарағанда, Шымкентте паркоматтар орнату қарастырылмайды.

Мұрат Әбдүлменов, серіктестік директоры:

– 20 тұрақты іске қосқалы жатырмыз. Ал дәл қазір 5 тұрақ жұмыс істеуге дайын. Күн сайын 1-2 ден тұрақтарды ретке келтіріп қосатын боламыз. Алдағы уақытта қалада жабайы тұрақтар толығымен тазаланып, тәртіп орнайды деп сенемін.

Шаһарда қазіргі таңда 340 мыңнан астам көлік бар. Олардың 275 мыңы – жеңіл көлік. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бұл көліктердің тиісті тұрақпен қамтамасыз етілу деңгейі 10 пайыздан да төмен. Яғни жүргізушілердің көбі темір тұлпарын қайда қоярын білмей, тұрақ іздеп дал болатыны анық.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы