378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда 2 проценттік ипотека қалай беріледі?

  • 185
  • UPD: 12:32, 12.03.2019
Алматыда 2 проценттік ипотека қалай беріледі? inform.kz

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Алматы қаласында көп балалы отбасыларға 2 проценттік ипотеканы беруге қатысты түсініктеме берді.

Президенттің тапсырмасы аясында «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер әлі енгізілмесе де, қала әкімдігі «Бақытты отбасы» жобасы аясында кезекте тұрған көп балалы отбасыларға жеңілдетілен ипотеканы беруді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Негізі, Алматы қаласының әкімдігі аталған жобаны бұрыннан бері әзірлеп жатыр. Ол бастама Президенттің тапсырмасымен сәйкес келді деуге болады. Негізі, қазіргі кезде «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатыр. Соның аясында Қазақстанның барлық көп балалы отбасылары және тағы бірнеше санатқа жататын азаматтар жеңілдетілген ипотека алатын болады. Ал Алматы әкімдігі өз бюджетінен қосымша қаржы бөліп, оны аймақтық деңгейде бастап кетті. «Бақытты отбасы» тек Алматы қаласының көп балалы отбасыларына арналған. Оны бағдарлама емес, бюджеттік несиелендіру деп атайды», - дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспасөз қызметінің мамандары.

Бюджеттік несиелендіру аясында көпбалалы отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 2 проценттік ипотека беріледі. Займды 15 миллион теңгеге дейін алуға мүмкіндік бар. Оны алу үшін 10 проценттік алғашқы жарнаны құю қажет. Бірақ көп балалы отбасыларға бюджеттің есебінен 1 миллион теңге көлемінде тұрғын үй куәліктері беріледі. Соны алғашқы жарна ретінде қолдануға болады.

«Бүгінде Алматыда бір мыңнан астам көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. «Бақытты отбасы» жобасы дәл осы азаматтарға жеңілдетілген несиелер берілетін болады. Қазіргі кезде baqytty-otbasy.kz сайтында өтініш беруге болады. Онымен Алматы қаласының әкімдігі айналысып жатыр. Олар құжаттарды жинайды да, тізімді жасап шығады. Негізі, қазіргі баспана кезегі бар ғой. Онда 1 276 адам тіркелген. Енді, олар қатысамыз деп, өз өтініштерін беруі керек. Сол бойынша тізім жасалады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі соған қарап, әрбір отбасының төлемқабілеттілігін тексереді де, 2 проценттік ипотеканы береді», - деп атап көрсетті банк қызметкерлері.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» жобасына қатысатын көп балалы отбасылардың төлем қабілеттілігін жеңілдетілген тәртіппен тексермекші. Қатысушы адам ипотеканың ай сайынғы төлемақысын аудара алатынын растаса болды. Балаларға кететін шығындар ескерілмейді. Мәселен, 15 миллион теңгенің пәтері үшін ай сайын 79 000 теңге төлеу керек.

Бұдан бөлек, баспананы жаңа пәтерлер нарығынан сатып алу қажет. Ол үшін бір ай беріледі. Көп балалы отбасы осы уақыттың ішінде пәтер таба алмаса, ипотека кезекті тұрған басқа адамға беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін «Бақытты отбасы» бойынша құжат қабылдау науқанының басталғанын хабарлаған болатын. «Бақытты отбасы» бағдарламасының ресми сайтында бюджеттік ипотеканы алудың барлық шарттары, тапсырылатын құжаттардың тізімі мен өтінім беру жолдары көрсетілген. Өтінішті портал арқылы беруге болады. Ол үшін адамда электрондық цифрлы қолтаңба болуы шарт.

Хабар 24 телеарнасы