378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде әлеуметтік төлемдер 30 процентке дейін көбеюі мүмкін

  • 96
  • UPD: 23:46, 12.03.2019

Қазақстанда жұмыссыз қалған, асыраушысынан және еңбек ету қабілетінен айырылған азаматтарға берілетін жәрдемақы да өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл төлемдер 30 процентке дейін көбеюі мүмкін. Бүгін осындай өзгерістер енгізілген «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі таныстырды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта сақтандыру қорынан мұндай әлеуметтік көмекті 124 мың қазақстандық алады. Жұмыс берушілер әр қызметкер үшін осы қорға жалақының 3 жарым процентін төлеп келеді, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5 процентке артпақ.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, жұмыстан айырылған азаматтардың жалақысы қазір 100 мың теңге болса, қазір алатын жәрдемақы 18 мың теңге. Заң күшіне енсе, осы азаматтардың қордан алатын ақшасы көбейеді. 23 мың теңге. Егер 5 жылдан артық жұмыс істесеңіз, жалақыңыз 100 мыңнан асса, онда осы сома көбейеді.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Заң жобасымен біз әлеуметтік төлемдерді қарастырып отырмыз. Асыраушыдан айырылған жағдайда, еңбек ету қабілетінен айырылған кезінде және жұмысынан айырылғанда. Осы үш қатерден төлемдер 30 пайызға артады. Заң жобасы Мәжіліске енді кіріп отыр. Егер Мәжіліс мақұлдап, Сенаттан өтіп, Елбасы қол қойса, жоба бойынша 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жүзеге асырылады.

Хабар 24 телеарнасы