378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысындағы ауыл сусыз отыр

  • 104
  • UPD: 23:45, 12.03.2019

Тораңғылық ауылында ауызсу жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты бұл елді мекеннің тұрғындары тіршілік нәрінің әр литрін 3 теңгеден сатып алады. 2011 және 2017 жылдары мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылға екі мәрте құбыр тартылған, бірақ нәтиже жоқ. Сөйтіп әу бастан есебі дұрыс болмаған шаруа қазынаның қаншама қаржысын желге ұшырды. Енді зардабын халық тартып отыр.

500-ге жуық тұрғыны бар Тораңғылық ауылына ауызсу аптасына бір рет Балқаш қаласынан тасымалданады. Оның өзі тегін емес, жұрт әр литрін 3 теңгеден сатып алып отыр.  

Гүлжан Мұхтархан, ауыл тұрғыны:

- Суды бізге 25 шақырымдағы Балқаштан әкеліп құяды. Литрін 3 теңгеден аламыз. 2018 жылы бізде аудан әкімінің есебі болды. Сонда Тораңғылық ауылы ауызсумен қамтылған деген есеп берілді. Алайда су мәселесі әлі шешілген жоқ.

Ауыл көл жағасында орналасқандықтан, мұндағы жұрттың көбі жаз айларында үйін туристерге жалға беріп, табыс табады. «Бірақ судың тапшылығы бұл кәсіпке де тұсау болып отыр», – дейді тұрғындар.  

Зура Тоқсанқызы, ауыл тұрғыны:

- Ал енді жазғы уақытта аздаған еңбек етейін десең, осы су мәселесі тіпті қиын. Бақша деген жоқ. Көлдің жағасы болған соң, еңбек етіп, үйлер салып соған адам кіргіземіз. Оның өзіне судың жоқтығы бөгет.

Тораңғылық жұрты сонау 90-жылдардан бері ауызсудың азабын тартып келеді. 2011 жылы мұнда 11 миллион теңгенің су тұщыту қондырғысы орнатылған. Алайда жылға жетпей істен шығады. Содан 2017 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қазынадан тағы 77 миллион теңге қаражат бөлініп, құбырлар жаңартылады, тұщыту қондырғысы жөнделеді. Бірақ су жоқ. Себебі алып резервуарды толтыруға қысым жетпейді.

Қалыбек Адамбаев, Тораңғылық ауылдық окруігінің әкімі:

- Су мұнарасы төменгі жақта, ауыл 10 метрге биік жатыр. Енді оған су жіберу үшін сусорғыш қоюымыз керек. Оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Су мұнарасы 50 текше метрлік.

Осылайша, әу баста жобалық-сметалық құжатта кеткен қателіктер мен мердігер компанияның жауапсыздығынан жұрт әлі күнге ауызсуға жете алмай отыр. «Енді шала жұмысты шегіне жеткізу үшін тағы қосымша қаржы керек», – дейді ауыл әкімі. Демек тұрғындарға әлі де бірер жыл күтуге тура келеді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы