389,91 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы кен байыту кәсіпорнының қарқыны мықты

  • 634
  • UPD: 23:44, 12.03.2019

Шығыс Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау картасына 71 инвестициялық жоба енгізілген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тек өткен жылы 136 миллард теңгенің 6 жобасы іске асты. Солардың арасында Жарма ауданындағы Бақыршық тау кен байыту фабрикасы бар.

Бұл кеніш ашылғалы 3 тонна алтын өндірген. Яғни межеленген жоспардан 2,5 тоннаға артық. Өндіріс орны өлкедегі жұмыссыздар санын азайтуға де үлес қосып отыр. Қазір ол жерде мыңнан астам аудан тұрғыны еңбек етеді.

Геологиялық барлау Бақыршық және Большевик кеніштерінде  30 миллион тоннадан астам кен жатқанын анықтап берді. Мамандардың айтуынша, кеннің 1 тоннасынан 7,7 грамм алтын алуға болады. Өткен жылы салынып іске қосылған фабрика меже бойынша жылына 2 миллион тонна кен байытады деп жоспарланған.      

Надир Галимов, кен байыту фабрикасының директоры:

- Фабриканы біз өте қысқа мерзімде іске қостық. Нәтижесінде жобада қарастырылған жұмыстар айтарлықтай жеңілдеді. Бұл қазылған кенді тез өңдеуге де өз септігін тигізіп отыр.

Фабрика концентраттың 2 түрін өндіреді. Құрамында көміртегі аз және жоғары көміртекті концентраттар. Алғашқысы терең өңдеу мақсатында Ресейге экспортталса, соңғысы Қытайға жөнелтіледі. Бүгінге дейін бұл екі көрші елге жалпы 21 мың тонна өнім шығарылыпты. Кәсіпорындағы жұмыс қуаттылығына оның толықтай ең соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталуы ықпал етіп отыр.

Сұңғат Ыбыраев, фабриканың ауысым шебері:

- Барлық құрылғыны компьютер арқылы басқарамыз. Кеннің конвейерге түскенінен бастап дайын өнім болып шыққанға дейін автоматты басқарылады. Әрине, қолмен істелетін жұмыстар бар. Дегенмен негізгі жұмыс автоматқа көшірілген.

Ең бастысы, кен байыту мекемесі Жарма ауданындағы біршама адамды жұмыспен қамтып,ондағы әлеуметтік салаға ерекше қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпорын болашақта жас мамандарды кен өндіру саласына тарту үшін 30-ға жуық студентті жоғары оқу орнында өз есебінен оқытып жатыр.

Дәулет Бекәлиев, бас механиктің орынбасары:

- Біз фабриканы қосқан кезде барынша жергілікті тұрғындармен бірге жұмыс істесіп, соларды жұмысқа тартуға тырыстық. Шығыс Қазақстан облысы жұмысшылары бар. Пайыз есебінде 40 проценті.

Өткен жыл бойына Бақыршық кенішінде 1,25 млн тонна кен байытылса, соның әр тоннасынан 5,5 грамм алтын алынған. Ал биыл фабрика жетекшілігі өндіріс көлемін 9,3 тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы