378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы тұқымбақта 8 миллион қарағай өскіні егіледі

  • 102
  • UPD: 23:50, 12.03.2019

Бесқарағайдағы тұқымбақ биыл 8 миллион қарағай көшетін дайындады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соның 50 мың түбін тақауда Астана қаласын көріктендіруге жөнелтпек. Ал орманшылардың өзі осы көктемде 3 жарым мың көшет егуді жоспарлап қойған. 

Қарағайдың осындай биік те зәулім болып өсіп жетілуі үшін кем дегенде 100 жыл уақыт қажет екен. Ал оны кесіп құлатуға 5 минут қана жеткілікті. Олардың бүршіктерін теріп, тұқымын алу өз алдына жатқан терең технологияны, жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін жұмыс.

Мына тонналаған бүршіктер терең өңдеуден кейін миллиондаған қарағай өскіндеріне айналады. Бұл жұмыстар осыдан 3 жыл бұрын ашылған тұқымбақ кешенінде швед технологиясы бойынша атқарылады. Алдымен тазалау мен сұрыптаудан өткен бүршіктер 50 градус ыстықтықтағы мына пеште кептіріледі. Онан кейін тұқым алу кезеңі басталады.

Жұмабай Жұмаханов, тұқымбақ кешенінің инженер-технологы:

- Қолда ұстап тұрған шыршалар биыл жазғытұрым Астанаға барады. Комитеттің бұйрығы бойынша 50 мың дайындап қойғанбыз. Бұны күздігүні егеміз. Күзде егіп көрмегенбіз, кеңестік дәуірдің өзінде ешқашан олай екпегенбіз.

Кешендегі ғажап дүниенің бірі мына жылыжай. Әлгінде бүршіктен жиналған тұқымдар осында егіліп, жылына 3 миллион өскін алуға мүмкіндік береді. Мұндағы суару, жылу беру, күтіп-баптау жұмыстары толық автоматтандырылған.Ал даладағы дәстүрлі технологиямен тағы 5 миллион көшет өсіріліп шығарылмақшы.

Жұмағали Сағадиев, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты бас директорының орынбасары:

- Өткен ғасырдың 90-жылдары қарағайлы орманның үштен біріне жуығы өртеніп кеткен еді. 2003 жылы, біздің резерват құрылғалы бері қалпына келтіру жұмыстары жыл сайын қарқын алып келеді. Міне, содан бері 40 мың гектардан астам алқапқа жаңадан көшеттер отырғызылды.

Биыл резерват мамандары жалпы көлемі 3 жарым мың алқапқа көшет отырғызуды көздеп отыр. Осылайша әлемде Канада, Ресей және біздің елде ғана кездесетін қарағайлы орманды қалпына келтіру жұмыстары жыл сайын қарқын алып келеді.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы