375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан MITT 2019 көрмесінде туристік әлеуетін көрсетті

  • 141
  • UPD: 08:14, 13.03.2019

Мәскеудегі халықаралық көрмеде төрткүл дүниеден жиылған жұртшылық Қазақстанның туристік әлеуетімен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қымыз, шұбат ішіп ұлы даланың кереметіне қанықты. Бұл әлемдегі ең ірі 5 көрменің қатарында. Биыл оған 54 елден 2 мыңға жуық компания қатысып жатыр. 

Қазақстанның ұлттық павильонында 12 компания орналасқан. Әр компания көрмеге келушілерді өз қызмет түрлерімен таныстырды. Олардың ішінде Астана мен Алматы қалаларына саяхат жасау, экологиялық және этнотурлар, тіпті Байқоңыр ғарыш айлағында зымыранның ұшырылу сәтін тамашалау да бар. Туризмнің ішінде аспаздық салаға да айрықша көңіл бөлінген.

Шұбатты жеміс шырынымен араластыру да өнер. Осы сусынның дәмін татуға жиылған жұрт көп. Олардың дені шұбатты алғаш рет ішіп көрді.

Сарапшылардың пікірінше, ұлттық тағамдарымыз елімізге көбірек турист тартуға септігін тигізеді. Бүгінде аспаздық туризм бүкіләлемдік үрдіске айналғаны белгілі. 

Қайрат Сәдуақасов, Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасының орынбасары:

- Ұлттық мейрамханаларға бару кез келген турға кіреді. Ал біздің ұлттық тағамдарымызды әлемде біле бермейді. Сол себептен осындай көрмелерде таныстырып жүрміз. Гастрономиялық туркарта дайындалып жатыр, онда турист қай аймақта қандай тамақ іше алатынын көреді. Сондай-ақ көне замандағы тағамдарды жаңғыртумен айналысып келеміз. 

Қонақтар дастархандағы қазы-қарта жент пен бауырсақтың дәмін татып, қазақстандық туризмді жаңа қырынан таныды. Жалпы былтыр елімізге Ресейден 1 млн 700 мың турист келген екен. Мамандардың болжауынша, биыл олардың саны 5-6% артады. Шетелдіктер көбінесе Астанада болып, Алматы облысын аралайды. 

Мейрамбек Қапасов, Алматы облысы туризм басқармасының өкілі:

- Ресей туристері Алакөл көлдің 70% құрайтын. Жазғы маусымда демалушылар көптеп келеді.

Көрме аясында Kazakh Tourism ресейлік компаниялармен ынтымақтастық жөнінде бірнеше келісімге қол қойды.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы