378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да жерлестерінен 45 млн теңге жинап алған кәсіпкер қарызын қайтармай қойған

  • 149
  • UPD: 12:12, 13.03.2019

Солтүстік Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерге несие алып берген адамдар сан соғып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Покровка ауылында картоп шаруашылығымен айналысқан Николай Иванов жерлестерінен 45 млн теңге жинап, қарызын қайтармай қойған. Іскер азаматпен серіктес болып, пайда көреміз деген қарапайым халық арнамыздың меншікті тілшілерінен көмек сұрады.

Қанат Жайдағұлов 2013 жылы картоп егетін кәсіпкер ауылдасына сеніп, оған 3 млн теңге несие алып береді. Оның орнына іскер азамат тұрақты жұмыспен жылдық үлеспайдасын уәде еткен. Бірақ сөзінде тұрмады.

Қанат Жайдағұлов, Покровка ауылының тұрғыны:

– Қазір 1,5 млн теңге қарызды төледі. Енді 1,5 млн теңге қалды. Менде ақша жоқ.

Несие алған жалғыз Қанат емес. Покровка ауылының 15 тұрғыны кәсіпкерге сенімхат жазып берген. Ол болса, адамдардың атынан «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша 45 млн теңге алып алған.

Күдік тудырған бір мәселе, жұрт «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасымен Петропавлдағы лицейде кәсіпкерлік курсынан өткен екен. Оны естіген тұрғындар аң-таң. Бүгін олар оқу орнының табалдырығын бірінші рет аттап, құжаттарын талап етті.

Инна Слюсарева, Покровка ауылының тұрғыны:

– Біз осы колледжде оқып, серификат алғанымыз туралы сотта ғана білдік. Мемлекеттен шәкіртақы беріліпті. Оның бәрі өтірік. Ештеңе де алммадық. Оқыған да жоқпыз.

Қарапайым халықтың сеніміне кіріп, серіктес боламын деп серт берген кәсіпкер – Николай Иванов. Ол телефон арқылы жауабын қысқа қайырды. Өзі жолда екен.

Есіл аудандық жұмыспен қамту орталығында тұрғындардың оқып, несие алғанын растайтын құжаттар сақталған. Олардың болғанын несие берген ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қызметкерлері де растап отыр.

Қажат Бұрбасов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚФ құқық бөлімінің басшысы:

– Өтініш берген адамдардың құжаттары түгел болды. Сертификатсыз оларға несие берілмес еді. Жоба мақұлданып, келісімшарт жасалды. Қазір кепілге қойылған мүлік сатылып, берешектің бір бөлігі жабылды. 15 млн теңгедей қарыз қалды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Бұл мәселеде басты сұраққа жауап жоқ. Бағдарлама қатысушылары шынымен оқу оқыды ма, жоқ па? Оны ешкім сұрап білмеген. Сотта кәсіпкерге алайықтық бабы бойынша айып тағылып, оған 5 жыл шартты жаза берілді. Ал несие алған адамдар куәгер ретінде қатысқан. Енді олар қарызбен қаламыз ба деп қорқып отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы