378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Наурыз мерекесіне орай Астанада қандай шаралар өтеді?

  • 208
  • UPD: 12:08, 14.03.2019
Наурыз мерекесіне орай Астанада қандай шаралар өтеді?

Елордадағы алты алаңда киіз үйлер тігіліп, этноауылдар құрылады. Мерекеге орай қалада 50-ге жуық киіз үй орнатылмақ.

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жалпы қалалық іс-шаралар ашық алаңдарда 21, 22 наурызда өтеді. Басты мерекелік шаралар Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл монументінің жанындағы алаңда (ЭКСПО ауданы), әкімдіктің алдындағы Қалалық алаңда, Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңда, Жетісу саябағында, «Жастар» сарайының алдындағы алаңда және «Жастар» театрының жанында (ескі вокзал аумағы) ұйымдастырылады.

Наурыз мейрамы күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ұлттық этноауылдан басқа, ЭКСПО көрме кешенінің аумағындағы тақырыптық музей–киіз үйлерді, ұлттық салт-дәстүрлерді, театрландырылған қойылымдарды, айтыс пен қазақстандық эстрада жұлдыздарының және қалалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттерді тамашалай алады. Бұдан басқа, келушілер қышшылардың, зергерлердің, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарымен танысады.

Мәдениет және спорт басқармасының мәліметіне қарағанда, халықтық серуендер форматындағы мерекелік шаралар қала маңындағы тұрғын алаптарында да ұйымдастырылады. 18-22 наурыз аралығында Қазқалашық (№55 ОМ), Өндіріс (№49 ОМ), Железнодорожный, Интернациональный, Мичурино, Промышленный, Пригородный («Хозяюшка» дүкенінің алдындағы алаң, Новый аэропорт к-сі), Үркер, (№69 мектеп-гимназиясының алдындағы аумақ), Көктал-1 («Наз» Мемлекеттік би театрының аумағы), Көктал-2 (№68 ОМ) тұрғындары Ұлыстың Ұлы күнін тойлайды. Бұдан басқа, «7-Я», «Ақбұлақ таун», «Қайнар», «Апато», «Достар», «Саламат», «Зерде» тұрғын үй кешендерінің ауласында елордалықтардың назарына мерекелік бағдарламалар ұсынылады.

Биыл Наурыз мейрамы құрметіне Астанада ірі спорттық шаралар да өтеді. Мерекеге орай Қазақ күресінен алғаш рет «Өнер Барысы» республикалық турнирі ұйымдастырылады. Бұрын хабарланғандай, дүбірлі дода 21 наурызда сағат 14:00-де «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Ал 24 наурызда Есіл өзенінің жағасындағы қалалық триатлон-паркте Astana Nauryz Marathon ірі қайырымдылық спорттық шарасы өткізіледі.

 

Хабар 24 телеарнасы