375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астана бойынша 34 аумақтан қар шығарылған

  • 146
  • UPD: 17:17, 13.03.2019
Астана бойынша 34 аумақтан қар шығарылған

Жыл басынан бері Астанадан 2 млн куб метрден астам қар шығарылған. Қала бойынша Төтенше жағдайлар департаменті көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Кешенді жоспар аясында 34 аумақта қар тазаланып, каналдар тазартылады.

Биыл ағын су өтетін Сарыбұлақ өзенінің теміржол аумағындағы арнасын кеңейту және тереңдету жұмыстары басталды. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл өзен арнасы маңындағы 130-дан астам тұрғын үй мен 400-дей адамның ауласын су алмау үшін жасалуда. Сарыбұлақ өзенінің ұзындығы 5,5 шақырым. Қазір оның 1 километрінен астам бөлігі кеңейтілген. Қалғанын 2021 жылға дейін бітіру жоспарлануда.

Марғұлан Аманбаев, Астана Қ. ТЖД бастығының міндетін атқарушы:

- Сарыбұлақ өзені 5,5 км. Бұл Көкшетау жақтағы қыраттардан келетін суларды Астана қаласының ішімен алып өтіп Есіл өзенінің арнасына барып құяды. Көктем басталған кезде 5-6 млн кубқа дейін су өткізу мүмкіндігі бар. Анализ жасаған кезде бұны біз қалалық әкімшілікке бердік өтініш арнаны кеңейтіп, тереңдетіп суды жақсы өткізу үшін.

Қар тазарту кезінде жеке тұрғын үй секторы мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың аумағына ерекше ден қойылған. Үркер ауданындағы ұзындығы 600 метр бөгеттің жартысын нығайту жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, қала бойынша ұзындығы 48 шақырым арық бар. Бүгінгі таңда оның 22 шақырымы тазаланған.

Еркін Отарғалымұлы, Байқоңыр ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:

- Бұл істеліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты су өткізу құбырларының ішіндегі қатқан мұздарды жылытып, ерітіп у құбырларын су өткізуге дайындау болып табылады.Көп жағдайларда тұрғын үй секторының тұрғындары арықтарға  қоқыс төгеді. Күл төгіп жатады.Бұл дұрыс емес. Себебі су өту мүмкіндігін азайтады. Егер сіздердің үйлеріңіздің маңайларында су өткізгіз құбырлар болатын болса оларды уақытында тазартуға шақырамыз.

Қазгидрометтің хабарлауынша, наурыздың аяғында күн жылынады. Ал қазір қар күндіз еріп, түнде қатқандықтан су баяу еруде. Дегенмен, күн күрт жылынғанда қар суыннан қолайсыздық болмай үшін елорда көшелерінде күнделікті 500-ге жуық техника мен 300  адам қар тазалауда.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ерсін Мұхамбеталин

Хабар 24 телеарнасы