378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда су мен жылу тарату желілеріне қызмет көрсетуші кәсіпорын жабылуы мүмкін

  • 125
  • UPD: 20:36, 13.03.2019

Павлодардағы жылу және су тарату желілеріне қызмет көрсетуші кәсіпорын тығырыққа тірелді. Себебі жергілікті мердігер ұйыммен 2020 жылға дейінгі мерзімге жасаған келісім-шартты бұзбақ.

Осының салдарынан кәсіпорынның 14 жұмысшысы екінші ай жалақысыз отыр. Ал компанияның өзі жабылудың шақ алдында. 

35 жастағы газэлектрдәнекерлеуші Иван Попов бұл салада сегіз жыл еңбек етеді. Жұмыс тұрақты болғандықтан, екі жыл бұрын ипотекалық баспана алған. Бүгінде ұйымда 14 маман жұмыс істейді. Әкімдік пен мердігер арасындағы түсінбестіктің салдарынан мамандар жалақыдан қағылды. Бүгінде еңбекақы бойынша берешек 4 млн. теңгеден асқан.

Иван Попов, газ-электрдәнекерлеуші:

- Менің жалақыма үйімдегі  екі балам мен жұбайым қарап отыр. Ай сайын 60 мың теңге төлейтін ипотекам бар. Жағдай күрделеніп кетті. Осылай жалғаса берсе қарызға белшеден батамын.

Кәсіпорын қала билігіне қарасты 60 шақырымнан асатын коммуналдық желілерге қызмет көрсетеді. Мамандар мен қажетті техника осы аядай ғана базада шоғырланған.

Иван Беспалов, кәсіпорын басшысы:

- Міне қолымда атқарылған жұмыстарды айғақтайтын актілер. Барлығы дұрыс, жауапты мамандардың қолы қойылған. Бұл наурыз айының есептері. Бірақ коммуналдық шаруашылық бөлімі құжаттарды қабылдамай қойды. Жұмысымызды адал атқарғанымызға сенбей отыр. Оған қоса, келісімшартты бұзу жөнінде ескерту келді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Мердігер ұйым Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тиесілі су және жылу тарату желілеріне сегіз жыл бойы қызмет көрсетіп келеді. Соңғы үш жыл ішінде  техникалық жағдайды жақсарту мақсатында 20 млн теңгеден астам инвестиция тартқан. Егер мемлекеттік мекеме тарапынан тиісті төлем өтелмесе, кәсіпорынның болашағы бұлыңғыр болуы әбден мүмкін.

Мамандар тобы келісім-шарттық міндеттемелерін жоспарлы орындап келеді. Осы уақыт аралығыда қызмет көрсетуде кідіріс болмаған. Пәтер иелері кооперативтері мен тұрғындар тарапынан шағым жоқ.

Татьяна Алексеева, пәтер иелері  кооперативінің төрайымы:

- Мамандар өз жұмыстарын сапалы әрі жедел атқарады. Қыста құбырдың жарылуы, кәріз жүйесінің бұзылуы сияқты ақаулар жиі кездеседі ғой. Олар демалыс және мереке күндеріне қарамастан жұмыс істейді.

Жауапты мекеме өкілдері жағдайдың орын алғанын растады. Шенеуніктер бұған дейін коммуналдық бөлімнің балансында болған қалалық желілер әкімдіктің жанынан құрылған өзге кәсіпорынның иелігіне өткенін жеткізді.

Олжас Баймақов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Мердігер ұйымға келісімшартты бұзу жөнінде ескерту жасалды. Келіссе де, келіпесе де өз еріктері. Құқықтарын қорғау үшін сот орындарына жүгіне алады. Оны уақыт көрсетеді.

Бұл қала әкімінің қаулысымен қабылданған шешім болып шықты. Әкімдік өкілдері кәсіпорынның наурыз айында атқарған жұмысы үшін төлемді қашан өтейтіндерін айта алмады. Себебі, алдағы уақытта жұмыстардың дұрыс атқарылғанын жіті тексермек. Сәйкесінше, тығырыққа тіркелген кәсіпорынның мамандары күтуге мәжбүр. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы