378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-ның денсаулық сақтау саласында 14 мың қызметкердің жалақысы көтеріледі

  • 181
  • UPD: 20:34, 13.03.2019

Елбасы бастамасымен қолға алынған жаңа әлеуметтік шаралардың мақсаты ең алдымен ел тұрғындарының табысын ұлғайту.

Атыраудан кейін Батыс Қазақстан облысында болған Гүлшара Әбдіқалықова осылай деді. Үкімет мүшелерінен құралған жұмыс тобы халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін бұл бастамалардың жүзеге асырылу механизмдерін түсіндірді. Аймақта көп балалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған 21 мыңдай отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал ел бойынша бұл көмек 830 мыңдай отбасыны қамтиды. Жәрдемақының 30 процентке өсуіне байланысты  мүгедек бала тәрбиелеп отырған 3 мыңдай ата-ана  38605 теңге көлемінде көмек алады. Аймақтағы атқарушы органдарда қызмет етіп жүрген 2 мыңдай мемлекеттік қызметшінің жалақысы 25 процентке өспек.  Биыл өңірде 20 көп қабатты және ауылдық жерлерде 70 үй салу көзделген. Алдағы 7 жылда әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар үшін мың жарым пәтер салынады. Шілде айынан бастап білім беру ұйымдарында еңбек етіп жүрген 25 мыңдай қызметкердің жалақысы артады. Олардың арасында мектеп кітапханашылары мен психологтары, балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлер бар. Денсаулық саласының тағы 14 мың қызметкерінің еңбекақысы көтеріледі. 5 мың аз қамтылған отбасы өз кәсібін өрістету үшін 500 мыңнан 6,5 миллион теңгеге дейінгі көмек қаржыға қол жеткізеді.

Гүлшара Әбдіқалықова,  ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Жаңа әйелдерді қабылдадық. Олардың сұрап отырған мәселесі көбіне үй және жәрдемақы беруге. Бірақ барлығының жұмыс  істеуге ынталары бар. Оның ішінде бизнес ашуға көмектессеңіз, үйде отырып жұмыс істесек деп сұрақ қойып жатыр. Сол мәселесі бойынша көмектесуге уәде бердік. Қазір біз ірі кәсіпкерлермен өндірістермен кездесу болады, сол кезде осы сұрақты қоямыз. 

Әсел Жұбаева, қала тұрғыны:

- Өзіме толыққанды жауапты алдым деп ойлаймын. Себебі үй мәселесі болды қозғалған, аз қамтылған жанұя санатына қосылатындықтан үйді очередь бойынша береміз деді. Үлкен қомақты қаржы бөлінді оған бюджеттен деп.

Зияда Оспанова, қала тұрғыны,  «Алтын алқа» иегері:

- Өз еңбегімізбен күн көріп, 10 баламызды өсіріп, алдын аяқтандырып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған семьямыз. Қазіргі мына рухани жаңғыруды, кешегі Nur Otan партиясының айтып жатқан қолдаулары жастарға деген, бәрін де айтып жатыр, біздер түсінеміз. Үкімет береді беретін жерінде. Тек соны пайдалана  білу керек. Баланы да дүнияға әкелу керек, оны асырай, өсіре де білу керек. Біздер енді ат құлағында ойнап жүріп, баламызды құндағымызбен алып жүріп солай өстік.

Хабар 24 телеарнасы