378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Амал мерекесін тойлауға Ақтаудан Отпан тауға 300 атты керуен көші аттанды

  • 146
  • UPD: 21:03, 14.03.2019

Еліміздің батысында тойланып келген Амал мерекесі биыл алғаш рет халықаралық деңгейде аталып өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстаудың ең биік жері – Отпан таудың басына еліміздің барлық аймағымен қатар, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Ноғай мен Қырғыз елінен мыңдаған адам жиналды. Амал – ескі жыл санау бойынша жаңа жылдың бастауы. Алыстағы ағайынның көгеннен босаған қозыдай жамыраса көрісетін, тату тірлік пен бірлік табысып, ынтымақ пен ырыс қабысатын күн. Дәстүрге сай, мереке қарсаңында қауышқан ағайын бір-бірімен төс қағыстырып, көрісті.

Амал мерекесін тойлау үшін Ақтаудан Отпантауға 300 атты керуен көші аттанды. Құрамында өлкенің құрметті азаматтары, спортшылар, белсенді жастар мен өнерпаздар бар. Керуен көшінің өн бойынан Елбасы мақаласына арқау болған «Ұлы даланың жеті қырын» көруге болады. Атқа міну мәдениеті мен ұлттық салт-дәстүрлеріміз ұлықталып, Қыз Жібек жыры жырланды. Әлемге әйгілі алмамыз бен қызғалдақ гүліміз дәріптелді. Бұл көште Қабанбай, Бөгенбай батырлар бастаған ұлы тұлғаларымыз да бар. Олар 140 шақырым жерді жүріп өтті.

Бүгін мерекені тойлау үшін Отпан тау басына мыңдаған адам жиналды. Жаугершілік заманда бабаларымыз мұнда ерлік үшін ұран отын жақса, бүгінгі ұрпақ бар қазақтың басын қосатын бірлік отын жақты. Тарихи рәсімге шет мемлекеттерден келген қонақтар да қатысты.

Арсланбек Сұлтанбеков, Қарашай-Шеркеш республикасының халық әртісі:

– Амал мерекесінің сақталуы – жақсы мәдениет. Дүниедегі түркі халықтары бүгін бір-бірін құттықтап, бір-бірімен табысып, көрісіп жатыр. Дүниедегі түркі халықтарының ортақ мейрамы. Қазақтың дәстүрін, ұлттық киімдерін көріп, бір сүйсініп қалдым.

Амал – ескі жылдан жаңа жылға аман жеткен қуаныштың, ағайынның арасына сыйластықты дарытатын ынтымақ пен бірліктің, татулықтың мерекесі. Амал мерекесінің тәрбиелік мәні зор. Бұл күні жасы кіші, үлкен демей, танысын, танымасын қол алысып, төс қағыстырып, көріседі. Бір-біріне ақ тілектерін айтып, өкпе-реніш болса кешірім сұрасады. Осылайша күннің ғана емес, адамзаттың көңілінің жыли түскенін сезінесің.

Тоқтамұрат Тілеу, Ақтау қаласының тұрғыны:

– Атқа мініп, той тойлау біздің қанымызда бар. Қазақ елін шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әр шаңырақта береке болсын!

Отпан тау етегіне 40 шақты киіз үй тігіліп, жыршылар кеші ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өткізілді. Аударыспақ, аламан бәйге, қой көтеру мен түйе балуан сияқты ұлттық ойындар той көрігін қыздыра түсті.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы