378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында бидай бағасы қымбаттады

  • 111
  • UPD: 20:48, 14.03.2019

Қостанай облысында бидайдың бағасы 40 процентке дейін қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде 3-класты бидайдың тоннасын жергілікті шаруалар 75 мың теңгеге саудалап жатыр. Сәйкесінше, экспорт та бағаның өсуіне ықпал еткен. Жыл басынан бері диқандармен жарты миллион тоннаға жуық өнім шетелге саудаланды. 

Шаруа қожалық иесі Ыбыраш Естаев биыл бидай өткізуде мол пайдаға кенелетініне үмітті. Себебі өңірде соңғы бес жылда бидайға ең жоғары баға белгіленіп отыр. Баға реформасын шаруа Ресейден тасымалданатын өнімнің қысқаруымен байланыстырады.

Қазір 3-класты алтын дәннің орташа құны 65-72 мың теңге аралығында. 4-класты өнім арзанырақ. Ең қымбаты – 60 мың теңге. Ал облыстағы ұн тартатын кешендер үшін баға саясатындағы ауытқулар тиімсіз. Бидайдың дені шетелге шығарылып жатқандықтан, өндіріс көлемі қысқарған. 

Олег Куртвапов, диірмен кешенінің коммерциялық директоры:

– Былтырдың осы кезеңімен салыстырсақ, биыл елімізден 1,5 есеге көп бидай сыртқы нарыққа шығарылды. Сондықтан оның қоры азайған. Бір қызығы, бидай өзіміз ұн сататын елдерге экспортталып жатыр.

Ал наубайшылар нанның өзіндік құнын көтеруге мәжбүр. Дүкен сөрелеріндегі ас атасы бірден 10 теңгеге өскен.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Ұн бағасының шарықтап кетуі нанның құнына да тікелей әсер етті. Қазір сауда орындарында қарапайым бөлке нан 85 теңгеге қымбаттаған. Ал кейбір әлеуметтік дүкендерде оның құны 70 теңгеден де аспайды.

Мысалы, Заречный ауылындағы дүкен тұрақты тұтынушыларын жоғалтпауға қам-қарекет жасап, нанды нарықтағы бағадан төмен деңгейде ұстап отыр.

Рита Садықова, кәсіпкер:

– Нан сатып, көл-көсір пайда табуды көздемейміз. Бұл – бірінші кезектегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік. Бізге жеткізушілер қандай бағамен әкеледі, біз сондай бағамен сатамыз.

Бидай құнының өсуі оған сұраныстың артуымен байланыстырады мамандар. Жыл басынан бері жергілікті аграрийлер 500 мың тоннадай алтын дәнді экспортқа жөнелткен.

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Негізгі себептері болып, бидай көлемінің азаюы, экспортқа шығарылуы және басқа облыстарда ұн жасалуына байланысты көлемдердің азайып, бірақ сұраныстың азаймауы негізгі себептердің бірі болып табылады.

Соңғы жылдары өңір шетелге жіберілетін бидайдың үлесін 80 процентке арттырған. Былтыр жиналған астықтың екі миллионға жуығы сыртқа нарыққа саудаланды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы