378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да жаңадан салынған баспаналардың 80% сапасыз болып шыққан

  • 119
  • UPD: 21:20, 14.03.2019

Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасын орындау жағынан алғашқы бестікке кіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда бұл баспаналардың 80 проценті сапасыз болып шықты.

Жаңадан салынса да, шатырынан су ағып, есік, терезесінен жел гулеп тұр. Сапасыз салынған үйлердің тұрғандары аймақтағы барлық құзырлы органдарға шағымданғанымен әзірше ешқандай нәтиже болмай тұр.

Қар мен жауын жауса, тоғыз қабат үйдің ең үстінде тұратын Исабаевтар отбасынан маза кетеді. Шатырдан аққан су ас бөлмеден еденге тамады. Тек төбе емес, барлық құбыр жүйесі де дұрыс тартылмаған. Қыста терезені қырау басып, жел гулейді.  

Риза Исабаева, Өскемен қаласының тұрғыны:

– Төбеден су сарылдап, сылақтың барлығы жерге түсіп жатыр. Талай рет айттық, көп кісі келді. Балаларымның да бармаған жері жоқ. Ештеңе істемейді, шара қолданбайды. 

Аймақта 2017 жылы 380 мың, 2018 жылы 410 мың, ал биыл 443 мың шаршы тұрғын үй салу жоспарланған. Яғни әр жылда 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Өскемен қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңа үйлер негізінен он тоғызыншы шағын ауданда бой көтеріп жатыр. Бірақ жаңа баспанаға қол жеткізгендер үшін үйдің сапасы басты мәселе болып тұр.

Олжас Керейхан, тілші:

– Тоғыз қабатты бұл баспана 2 жыл бұрын салынып, халыққа ипотека бойынша берілген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, сапасы мүлде сын көтермейді. Төбеден аққан су күншығыс жақ қасбетін шайып, үгітіліп түсіп жатыр. Тек бұл үй ғана емес, осы маңдағы үйлердің бәрі осындай.

Сапасыз үйлердің мәселесін арнайы бақылау комиссиясы қарады. Комиссия мүшелері соңғы 3 жылда жалпы құрылыстың сапасына қатысты шағымның көбейгенін айтады. Оның 90 проценті мемлекеттік  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерге қатысты.

Димитрий Гариков, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы:

– Тек былтыр құрылыстың сапасына қатысты құны 69 миллиион теңге болатын 860 дерек анықталып, олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жауапқа тартылғандар қатарында жобалаушы мекемелер, техникалық қадағалаушылар және мердігерлер мен тапсырыс берушілер де бар.

Тұрғын-үйлердің сапасыз салынуы қазір тендерге байланысты екен. Бұрын құрылыс компаниялары үйді салу үшін неғұрлым төмен баға қойса, тендерде жеңуге мүмкіндігі соғұрлым жоғары болған. Енді мемлекеттік сатып алу заңындағы соңғы өзгерістерде талап басқаша. Бұрынғыдай құрылыс компаниялары бағаны қалағанынша түсір алмайды.  

Сырым Дүсіпов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Құрылыс сомасынан 10 пайыздан артық түсіре алмайды. Жұмысты алу үшін, 10 пайыздан соң тәжірбие ескеріледі.

Дегенмен қазіргі қолданыстағы заң бойынша, мердігер компания  құрылыстың сапасына белгілі бір мерзімге дейін кепілдік береді. Осы уақыт аралағында анықталған кемшіліктерді толық жоюға міндетті. Бірақ бұл құжатта сапасыз үйді қысы-жазы жамап-жасқап, әбден берекесі қашқан тұрғындардың моралдық шығынын өтеу жөнінде бір ауыз сөз жоқ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы