389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда тұрғындары жолдардың жағдайына алаңдаулы

  • 529
  • UPD: 10:27, 15.03.2019

2023 жылға дейін Астанада 121 шақырым жол салынады. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде қала басшысы Бақыт Сұлтанов хабарлаған болатын.

Алайда тұрғындарды жолдың қазіргі жағдайы алаңдатады. Қалада көктем келісімен қар суы жылғалардан емес, тас жолды кесіп өтетіні белгілі. Сәйкесінше халық әбігерге түсуде. Бұл қашанға дейін жалғаса бермек?  

Жомарт Жотабайдың көлік тізгіндегеніне 15 жыл болды. Көктем келіп, қар көбесі сөгілгенде, оның көңілі күптенеді. Себебі, бірер жыл бұрын жан досы сапасыз жолдың кесірінен тесікке түсіп кетіп, көлігін зақымдаған. Біраз қаржысын да шығындапты. Енді Жомарт та алаңдаулы.  

Жомарт Жотабай, қала тұрғыны:

- Көл болады ғой жүргенде қорқасың, астында бар ма деп. Үлкен тесік болса, ходовкасы кетіп қалады ғой. Дөңгелек қалып қалады. Соны акимат жағынан қарастырса, дұрыстап жолдарын. Көктемнен бастап ремонттарын, күзге тастамай.

Бұл елордадағы Бөкейханов көшесі. Тұрғындар бірер жыл бұрын осы жолдар тақтайдай болғанын айтады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Айналасы бірер уақыттың ішінде бұл жолмен бірнеше көлік жүріп өтті. Жүргізушілердің жүзі сыныңқы. Тесік-шұрық, еріген қар суынан малмаңдай болған. Астананың қақ ортасындағы жолдардың сиқы осындай. 

Жол мұраты - жету. Бірақ күйбең тірлікпен жан-жаққа асыққан көлік тізгіншілері мен жолаушыларды осындай шұңқырлар аялдатады. Қос жағалаудағы жағдай осы. Астананы қойып, өзге өңірлерге көз жүгіртсек, ондағы ахуал да оңып тұрған жоқ. 

Эдуард Эдоков, тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы:

- Астана, Алматы қалаларынан бірер шақырымға алыстасақ, жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдарға тап боламыз. Негізі кез келген жолдың біренеше жыл қызмет етуі үшін оны құрайтын материалдар сапалы болуы керек. Мысалы, қиыршық тас тым ұсақ болмауы ләзім. Битумның сапасы үлкен мәнге ие. Оны жолға төсеудің өз технологиясы бар. Қар мен жауын астында жаюға болмайды. Біздің жолшыларымыз заманауи технологияларды пайдаланып жатқан жоқ. Қаражат бөлінеді, бірақ миллиондаған ақшаның түгелдей жолға бағытталмай жататыны хақ. Нәтижесі осындай.

Сапаны бақылауға болар. Бірақ жыл сайын 8-9%-ға еселеніп артып келе жатқан көлік нөпірінің де әсерін ұмытпау керек. Жыл басынан бері қалада жаңадан 65 мыңнан аса темір тұлпар тіркелген.

Айтпақшы, енді еліміздегі жолдың сапасын депутаттар бақылайтын болады. Nur Otan партиясында «Құтты мекен» жобасы іске қосылды. Ол арқылы елдің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы дамытылмақ.

Илья Теренченко, Nur Otan партиясының хатшысы:

- Nur Otan партиясында қолға алынған «Құтты мекен» жобасы аясында жол, басқа да құрылыстың сапасы басты назарға алынады. Тұрғындар көкейіндегі түйткілдерін «Халыққа көмек» жобасы арқылы жеткізсе болады. Жол сапасын реттеу маңызды. Бұл үшін жаңа технологияларды меңгеріп, кез келген температураға шыдайтын бетондар, жабындылар алу қажет. Партия депутаттары осындай жұмыстарды қаперінде ұстайтын болады.

Астанада жол сапасын тексеретін зертхана бар. Бүгінге дейін құрылыс технологиясының бұзылуы, мердігерлердің жауапсыздығы сынды жәйттар анықталғаны да рас. Бірақ қала басшысы Бақыт Сұлтанов алдағы бес жылда 121 шақырым сапалы жол салуға уәде етті. Биыл көліктік инфрақұрылымды дамытуға 24 млрд теңге бөлінді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы