378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде әскерге жарамды жігіттер қатары артқан

  • 77
  • UPD: 23:41, 15.03.2019

Көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Міндетті шара әдеттегідей маусым соңына дейін жалғасады. Мәселен, Астана қаласы бойынша 5 мыңнан астам жас жігіт арнайы медициналық тексеруден өтіп, ішінен тек мыңға жуық жас өрен әскер қатарына қосылады.

Бұл жас жігіттер – Отан алдындағы борышын өтеуге әзір тұрған болашақ сарбаздар. Десе де қатарында денсаулық жағдайына байланысты әскерге барғысы жоқтары да табылады.

Қорғаныс министрлігінің Астана қаласындағы әскери комиссариат өкілдерінің айтуынша, бүгінде денсаулығы жарамды өрендердің қатары артқан. Мәселен, былтыр әскерге шақырылған жігіттердің 25-30 процентінен кінәрат табылса, биыл бұл көрсеткіш 15-20 процентке дейін азайған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары да тыңғылықты жүргізіліп келеді. Өткен жылдың қазан айында ата-аналардың бірі ұлын әскерден алып қалу үшін комиссариат қызметкеріне қомақты пара ұсынған.

Арман Қияқбаев, қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бөлім басшысы:

- Денсаулық жағынан шығып қалатындар болады. Отбасылық жағдайымен, тағы басқа себептермен әскерге бармайтындар болады. Соның қатарында 800-ден астам азамат резервімен әскерге жөнелтіледі. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға өте зор көңіл бөлінуде. Әсіресе денсаулық жағына.

Ал көз дәрігерлерінің айтуынша, жігіттердің көру қабілеті нашарлай бастаған. Мәселен, әр маусымда қала бойынша 40-тан астам азамат офтальмолог-дәрігердің сынағынан сүрініп жатады. Денсаулығы әскерге жарап тұрғанымен, аз-кем есі ауысқан кейіп танытатындар да бар көрінеді. Алайда «психиатр-дәрігерді оңайлықпен алдай алмайсың», – дейді сала маманы.

Дмитрий Дегтярёв, психиатр-дәрігер:

- «Психикалық ауытқуы бар» деп есепте тұрған жігіттер арнайы анықтамасын көрсетеді. Ал дені сау бола тұра, бізді алдағысы келетіндер көп болмаса да, бар. Менің ойымша, жас жігіттер компьютер мен смартфонды тым жиі қолданады. Соның кесірінен денсаулығы мен іс-қимылында кейбір кінәраттар пайда болады.

Артық салмаққа ие немесе, керісінше, салмағы бойына жетпей жататын жас жігіттерге дене пішінін талапқа сәйкестендіру үшін бірнеше ай уақыт беріледі. Ауылдық жерлерде қызмет ететін жас дәрігерлер мен мұғалімдер, сондай-ақ дін қызметкерлері әскери міндеттен босатылады.

Ермек Ержанов, жоғары санатты хирург-дәрігер:

- Кейбір балаларда салмағы үлкен болып, содан шектеу қойып, жарамсыз деп шешім шығарғанда, кейбіреулеріне салмағы жетпейді деп береміз.

Хирург дәрігерлердің айтуынша, жігіттердің арқа омыртқасының қисаюы мектеп қабырғасынан басталады екен. Бірінші себебі, іші кітапқа толы ауыр сөмкені арқалау болса, екіншісі – партада түзу отырмағаннан. Түзу отыруға да кедергі болатын бірнеше фактор бар. Солардың бірі – орындық пен парта биіктігінің шамадан тыс жоғары немесе төмен болуында. Осылай деп дабыл қаққан ақхалаттылар мектеп оқушыларын, яғни болашақ сарбаздарды сынып кезінен бастап еңсені тік ұстауға шақырады.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы