378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы ауданда су тасқынының алдын алуға 5 млн теңге қарастырылған

  • 71
  • UPD: 23:41, 15.03.2019

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

40 мыңнан астам халқы бар Жарма ауданында барлық су қоймалары мен бөгеттер жіті бақылауда. Қыс бойы 650 текше метр қар шығарылды. «Бір қуанарлығы, тоң жібіп, еріген қар суы жерге жақсы сіңіп жатыр», – дейді мамандар. Дегенмен босаңсуға жол жоқ. Себебі, осыған дейін де бұл аймақ тасқын судың зардабын біраз тартқан болатын.

Аудан орталығы Қалбатау ауылындағы Достық көшесінің тұрғыны Динара Мұхамадиева – көп балалы ана. Жыл сайын көктемде оны еріген қар суы мазалайды. Үйдің іші дым тартып, қабырғалары үгітіліп жатқанын әкімдіктен келген атқамінерлер де көріп шықты.

Динара Мұхамадиева, Қалбатау ауылының тұрғыны:

- Көктем сайын бізде мына жерде су кіреді, үйдің іші бәрі дым тартқан. Балаларым ылғи ауыра береді, қардың суы келеді. Өйткені ол мына үйдің қасында жиналады, ары қарай ешқайда ақпайды, 2 жақтан да су біздің аулаға қарай жиналады, жан-жаққа ағатын жолы жоқ. Тағы да қорқамыз, ертең бір жақ бұрышы құлап қалса, Құдай сақтасын, кішкентай балаларым бар.

Шырылдаған ананың жанайқайы жерде қалмайды, бұл мәселе бойынша шаралар қолға алынады. Бұл – әкімдіктегілердің уәдесі. Жалпы, аудандық бюджеттен көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша шұғыл шараларға 5 миллион теңге қарастырылыпты. 

Мұрат Мұқаметжанов, Жарма аудандық әкімдігінің ТЖ жөніндегі бас маманы:
- Ауылдың ішіндегі барлық арықтар мен құбырлар тазаланған. Бірді-екілі жағдай болса қалса, жиналып барып, оны шешіп жатырмыз, бәрі бақылауда. Кез келген адамның өтінішін далаға тастамаймыз, қараймыз. Өзімізде дайын 800 тонна инертті материал, мың қап бар, суды жібермеуге техникалар да дайын.

Ауданда 6 су қоймасы, үлкенді-кішілі 37 көпір, 200-ден астам су өткізгіш құбыр бар екен. Алайда өзендерде әлі мұз қатып жатыр. «Дегенмен гидронысандарда тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, 38 техника мен 180 адам сақадай сай тұр», – дейді жауапты мамандар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы