378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да жолдарды тасқыннан сақтау шаралары күшейтілді

  • 96
  • UPD: 23:41, 15.03.2019

Шығыс Қазақстанда автокөлік жолдарын қарғын су басып қалмау үшін жан-жақты қам жасалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл мақсатта 12 бригада мен 120-ға жуық арнайы техника дайын тұр. Сонымен қатар қызыл судың ағысын бөгейтін инертті материалдар да әзірленуде. Жалпы, 3 мың шақырымнан асатын республикалық маңыздағы жол бойында ең қауіпті деген 35 учаске анықталып отыр. Қазір сол аймақтарда бақылау күшейтілген.

Өскемен – Семей бағытындағы тасжол бойында 70-ке жуық құбыр бар. Еріген қар суы осы құрылғы арқылы өтіп, сай-салаға тарайды. Мына 4 салалы құбырды қыс бойы тұтастай мұз басып қалған екен. Егер ішін ойып тазаламаса, жиекке жиналған қарғын су жолды шайып өтері сөзсіз. Сондықтан жұмысшылар 20 күннен бері осы жерді қалың мұздан тазалап жатыр.

Серік Ибақов, жұмысшы:

- 70 текшеден артық мұз ойып шығардық, бәрін қолмен істеп жатырмыз.

«Жалпы, су шайып кеткен жолдың сапасы бірден нашарлайды», – дейді мұндағы мамандар. Бір суық, бір ыстықпен қоса жоғары ылғалдылық асфальт қабатты тез тоздырады екен.

Дастан Тоқтыбаев №30 жол бөлімшесінің басшысы:

- Еріген қар суы көктем мезгілінде жолдардың сапасының төмендеуіне әсерін тигізеді. Жол бетіндегі жырықтар арасы түнде қатып, күндіз ериді, ол жырықтар ашылып кеңейеді.

Республикалық маңыздағы 3,5 мың шақырымға жуық жолда ең қауіпті деген 35 учаске анықталған. Олардың көпшілігі Аягөз, Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандарымен өтеді. Ал қарғын су жайылу қаупі мол жердің бірі – Өскемен – Қалбатау. Бұл бағытта тасқынның алдын алу шарасына сол жолды жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан мердігер компания жауапты. Қазір бұл аймақта еріген қар суының қарқыны мықты.

Асанәлі Кендірбаев, мердгер компания өкілі:

- Бұл жерде жол бойына 18 құбыр төселген, қазір оның барлығы тазартылды. Сонымен қатар тәулік бойына 16 адам екі ауысыммен кезекшілік жасайды. 60-қа жуық арнайы техникамыз дайын тұр.

Жолдар мен жол үстіндегі түрлі құрылғыларды топан судан аман сақтап қалу мықты дайындықты талап етеді. «Қазавтожол» мекемесі бұл тұрғыда өлкеде техника мен инертті материал тапшылығы жоқ деп отыр.

Нұржан Мұстафин, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Көп жылғы тәжірибе көрсеткендей, жалпы жыл сайын бөгет жасау үшін 150 текше метр топырақ, 1 мың текше метр құм, 550 текше метрден астам құмды-қиыршықты қоспа қолданылады. Алайда бұл осыдан артық қор жоқ дегенді білдірмейді. Егер тағы да қажеттілік болып жатса, бізде қосымша инертті материалдар жеткілікті.

Айта кету керек, еліміздегі ең ұзын автокөлік жолы Шығыс Қазақстанға тиесілі, яғни жалпы 12 мың шақырымды құрайды.

Ал өткен көктемде тасқыннан кейін бүлінген 500 шақырымнан астам жолды жөндеу үшін 80 миллард теңге қарастырылған болатын.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы