378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жер телімдерін беруде жемқорлық деректері көп облыстар анықталды

  • 122
  • UPD: 21:15, 15.03.2019
Жер телімдерін беруде жемқорлық деректері көп облыстар анықталды

Сыбайлас жемқорлық деректері жиі кездесетін бағыттардың бірі жер телімдеріне қатысты.

Одан кейінгі кезекте сәулет және қала құрылысы, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу басқармалары да заңға қарсы әрекетке баратындардың алдыңғы қатарында. Бұл туралы Кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық форум барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Ербол Өстеміров мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр палатаның бастамасымен жер кодексіне өзгерістер енгізілген болатын. Енді әкімдіктер бос жер телімдері, оның мақсатты қолданылуы және жалға алу мерзімдері туралы ақпаратты ашық жариялауға міндетті. Егер жер телімі берілмеген жағдайда, 3 ай ішінде аукцион өткізу керек. Бұл бағыттағы сыбайлас жемқорлық деректерін азайту мақсатында интерактивті карта жасау ұсынылып отыр. Электронды карталарда жердің орналасу аймағы, қолжетімді инженерлік коммуникациялар және алдағы уақытта жүргізілетін құрылыс жұмыстары туралы мәлімет болуы тиіс.

Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры:

- Мемлекеттік органдарда жерді аламын деген адамдарға жерді бермей, жер жоқ деген. Немесе аукцион арқылы аласыңдар деп бас тартқан. Алайда әкімдіктер аукциондар жүргізбеген. Біз аймақтардың бәрін топтарға бөлдік. Сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары, орташа, төмен деп. Жоғары дегенде Маңғыстау, Түркістан облыстары. Төмен деген жерлер – Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары.

Хабар 24 телеарнасы